Шымкент архивінде ашық есік күні өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкент архивінде ашық есік күні өтті

Шымкент қаласының мемлекеттік архивінде «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында дәстүрлі ағартушылық іс-шара өтті. Оған мектеп оқушылары мен жергілікті колледж студенттері қатысып, архив қоймаларының жұмысымен танысты. Жастар сирек кездесетін тарихи құжаттарды көріп, туған өлкенің өткені туралы тың деректерге қанықты.

Мамандардың айтуынша, Ашық есік күні республика бойынша мемлекеттік архивтерде жыл сайын 21 қыркүйекте өткізіледі. «Архив және болашақ ұрпақ» жобасының негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты тарихпен таныстыру, жастардың бойына отансүйгіштік сезімді қалыптастыру және тарихи мұраны сақтаудың маңызын түсіндіру. Бұдан бөлек, қалалық архив оқушылар мен студенттер үшін тұрақты түрде дәрістер мен танымдық экскурсиялар ұйымдастырады.

Шымкент қаласының архиві 1992 жылы құрылды. Алғашында оның негізгі міндеті Кеңес Одағының ыдырауы кезеңінде жабылған кәсіпорындар мен зауыттардың жеке құрамына қатысты құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету болды. Оған дейін өңірдің тарихи шежіресіне қатысты құжаттар негізінен облыстық архивте жинақталған.

Архив қызметкерлерінің түсіндіруінше, революцияға дейінгі кезеңге қатысты көптеген құнды құжаттар мен мемлекеттіліктің қалыптасуының алғашқы жылдарындағы материалдар, оның ішінде генерал-губернаторлардың есептері мен өңірдің даму барысына қатысты деректер тарихи тұрғыдан басқа мемлекеттердің архивтерінде сақталған. «Мәдени мұра» және «Архив-2025» секілді ауқымды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы нәтижесінде отандық архивистер Ресей, Өзбекстан және алыс шетелдерден бірегей тарихи деректерді іздеп, елге қайтару бағытында ауқымды жұмыс атқарды.

Осы еңбектің жарқын мысалының бірі – Шымкент цитаделіне қатысты сирек кездесетін көне карталар. Қалалық архив қызметкерлері оларды 2022 жылы Мәскеуден елге алып келген. Бүгінде тарихи карталар көрмелерде көпшілік назарына ұсынылып, қаланың бай тарихын айғақтайтын құнды дерек ретінде сақтаулы.

2018 жылдан бастап архивте тұрақты сақталатын қорларды қалыптастыру жұмысы қолға алынды. Мұнда қаланың экономикасы, мәдениеті, білімі мен денсаулық сақтау салаларының дамуына елеулі үлес қосқан белгілі азаматтардың төл құжаттары, фотосуреттері және басқа да материалдары мәңгілік сақтауға қабылданады.

Жеке қорларды қалыптастыру кезінде азаматтардың ресми еңбегі мен жетістіктері ескеріледі. Олардың қатарында өнер саласының еңбек сіңірген қайраткерлері, білікті дәрігерлер, жоғары оқу орындарының профессорлары, мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтарға ие болған өзге де танымал азаматтар бар.

Осы жылдар ішінде архивте мегаполистің 24 белгілі тұрғынына қатысты бірегей құжаттар топтамасы жинақталды. Бұл жұмыс Шымкенттің тарихын жаңғыртып, қала дамуына өзіндік үлес қосқан азаматтардың еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.

“Шымкент келбеті”

x

Check Also

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...

В Шымкенте индустриальная зона «Жұлдыз» получила железнодорожную инфраструктуру

В индустриальной зоне «Жұлдыз» города Шымкент завершено строительство железнодорожного тупика, предназначенного для обслуживания расположенных здесь промышленных предприятий. С результатами выполненных ...