Қазақтар неге құмaй тазыны ерекше бағалаған? — Xnews — ақпарат агенттігі

Қазақтар неге құмaй тазыны ерекше бағалаған?

Қазақ үшін иттің жөні бөлек. Әсіресе жүйрік тазы – көшпелі өмір салтында аңшылыққа серік болып, мал-жанды күзеткен, қажет кезде елдің тұрмыс-тіршілігіне пайдасын тигізген қасиетті жануарлардың бірі. Сондықтан халқымыз тазыны «жеті қазынаның» қатарына қосқан.

Тазының бұл мәртебесінің сыры неде? Оның қандай ерекшелігі бар? Осы сауалдарға жауап іздеп, қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеп жүрген азаматтардың айтуынша бір тазы бір ауылды асыраған.

Қазақ халқы тазыны тек аңшылық ит ретінде емес, тұрмыста үлкен пайдасы бар сенімді серік ретінде бағалаған. «Себебі ашаршылық кезінде бір қазақ ауылын бір тазы асырайтын болған», – дейді олар.

Тазының басты ерекшелігі – жүйріктігі. Ол аңның соңынан қуып қана қоймай, бағытын тез өзгертіп, шапшаң қимылдай алады. Сонымен қатар бірнеше тазы бірігіп, топ болып аң аулауға бейім.

Қазақ тұрмысында тазының қызметі мұнымен шектелмеген. Ол иесінің үйін, малын күзетіп, бөтен иттер мен жыртқыштарға қарсы тұра алған. Тазының айбаты басқа иттерге де әсер етіп, тіпті қасқырға қарсы шығатын кездері болған.

Осындай қасиеттері үшін тазы қазақ арасында аса құнды саналған. Тіпті бұрын оның бағасы жоғары болып, бір тазыны қалың мал ретінде берген деген дерек те айтылады.

Тазы – өткеннің естелігі ғана емес, бүгінгі ұрпаққа аманатталуы тиіс ұлттық мұра.

Бірнеше жыл бұрын Женевада өткен иттер жарысына алғаш рет қатысқан қазақтың құмай тазысы өзінің сыртқы келбеті, мінезі және өзін-өзі ұстау ерекшелігімен көзге түсіп, бірінші орын алғаны әлі есте.

Ұлттық тұқымды сақтау үшін оны көбейту ғана емес, оның тазалығын, шығу тегін және ерекшелігін сақтау маңызды. Тазы асыраушылардың қатары көбейсе, қазақы тазыларды кеңінен танытуға мүмкіндік артады деп есептейді мамандар.

Тазының жеті қазына қатарынан орын алуы – оның тек жүйріктігіне байланысты емес. Ол – аңшылықтағы серік, үй мен малдың күзетшісі, көшпелі өмір салтына бейімделген төзімді жануар. Ең бастысы, тазы – қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен тұрмысында ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтардың бірі.

Бүгінде ұлттық мұраны жаңғыртуға үлес қосып жүрген азаматтардың арқасында тазыға деген қызығушылық қайта артып келеді. Бұл асыл тұқымды тазылардың көбейіп, кейінгі ұрпаққа жетуі – қазақтың төл мұрасын сақтаудың бір жолы.

«Шымкент келбеті«

x

Check Also

«Startup Orda»: Идеяны жобаға айналдыратын мүмкіндік

Қаламызда идеяны шындыққа айналдыруға мүмкіндік беретін жоба басталды. Shymkent Hub ұйымдастырып отырған «Startup Orda» бағдарламасы биыл екінші рет өткізіліп отыр. ...

Язык — путь к единству и основа порядка

В городской универсальной библиотеке имени А. Пушкина города Шымкента в рамках Дня языков народа Казахстана и в соответствии с принципом ...