Жаңа оқу жылына мектептерді дайындау ғимараттарды жөндеп, әрлеп-сылаумен шектелмейді. Ең алдымен, оқушыларға үшін қауіпсіз, санитариялық талаптарға сай әрі денсаулыққа қолайлы орта қалыптастыру маңызды.
Оқу жылының басталуына орай қаладағы білім беру ұйымдарының санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы, мектеп асханаларының жұмысы, балалардың тамақтануы және жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелері бақылауға алынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен «Білім беру ұйымдарындағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай туралы» баспасөз конференциясында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова мәлімдеді.
Шымкент қаласындағы барлық білім беру ұйымдарына санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізілді. Бақылау барысында мектептердің, асханалардың, медициналық пункттердің және мектеп-интернаттардың жаңа оқу жылына дайындығы назарға алынды.
– Биылғы оқу жылына дайындық барысында мектептердің нақты жағдайын бағалау, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын тексеру және анықталған кемшіліктерді оқу процесі басталғанға дейін тексеріп үлгердік. Мониторинг Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 29 мамырдағы №2-РГСВ шешімі негізінде жүргізілді. Бақылау барысында білім беру ұйымдарының қызмет көрсетуге дайындығы ғана емес, балалардың күнделікті білім алуы мен тәрбиеленуі үшін қажетті санитариялық жағдайлардың сақталуы да бағаланды. Мұнда мектеп ғимараттарының санитариялық жай-күйінен бастап, инженерлік коммуникациялардың қауіпсіздігіне дейінгі бірқатар мәселе қамтылады. Атап айтқанда, жылыту, сумен жабдықтау және желдету жүйелерінің жарамдылығы, тамақтану блоктарының жағдайы, медициналық пункттердің санитариялық талаптарға сәйкестігі, қажетті рұқсат беру құжаттарының болуы және басқа да талаптардың орындалуы бақылауда болды, – дейді Айгүл Мелесқызы.
Баланың денсаулығы мен оқу үлгеріміне дұрыс тамақтанудың әсері зор. Сондықтан мектептегі тамақтану мәселесі санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың маңызы үлкен. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарындағы тамақтану «Білім беру ұйымдарындағы тамақтану стандарты» бұйрығының талаптарына сәйкес ұйымдастырылды. Жаңартылған тәсілдің негізгі мақсаты оқушыларға ұсынылатын тағамның құнарлылығын арттырып қана қоймай, олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес теңгерімді әрі әртүрлі рацион қалыптастыру екен.
– 2025 жылы бейінді және халықаралық сарапшылардың қатысуымен мектептерде бір реттік тамақтандыруға арналған көпнұсқалы үлгілік мәзірдің алты нұсқасы әзірленді. Мәзірді дайындау кезінде балалардың жас ерекшеліктері, тағамның энергетикалық құндылығы және жыл мезгілдеріне байланысты рационның өзгеруі ескерілді. Ал, 2026-2027 оқу жылына арналған перспективалық мәзір Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасымен қайта бекітілді. Жаңа мәзірдің басты ерекшеліктерінің бірі баланың күнделікті энергия шығынына сәйкес келетін тағамдық құндылықты қамтамасыз ету. Сонымен бірге, рационда негізгі өнім топтарының барынша әртүрлі болуы көзделген. Тағам құрамында ағзаға қажетті ақуыздар мен аминқышқылдары, майлар мен май қышқылдары, көмірсулар, дәрумендер, минералды тұздар мен микроэлементтердің теңгерімді болуы ескеріледі, – дейді Айгүл Мелесқызы.
Тағамды дайындау кезінде өнімдердің бастапқы тағамдық құндылығын барынша сақтау, оларды технологиялық және аспаздық тұрғыдан дұрыс өңдеу де маңызды талаптардың қатарында. Мәзірдегі тағы бір талап бір күн ішінде және одан кейінгі күнтізбелік екі күнде атауы бірдей тағамдарды, гарнирлерді қайталамау. Сонымен қатар, дайын тағамдарға қосылатын тұз бен қанттың мөлшері шектеледі. Балаға арналған тағамдар дайындауда тек йодталған тұз қолданылуы тиіс. Мектептегі тамақтанудың сапасын тек мәзірдің қағаз жүзіндегі талаптарға сәйкестігімен бағалау жеткіліксіз. Балалардың тағамды қаншалықты тұтынатыны да маңызды көрсеткіш. Осы мақсатта өткен оқу жылында мектептер арасында тамақтанудың «желінбеу индексіне» апта сайын талдау жүргізілген. Талдау нәтижелері оң көрсеткіш көрсеткен. Бұл мектепте берілетін тамақтың балаларға ұнайтынын көрсетеді. Тағам сапасы мен балалардың тамақтану деңгейін тұрақты бақылау мектеп асханаларының жұмысын жетілдіруге мүмкіндік берген. Өйткені балаға пайдалы тағам ұсынылғанымен, оның дәмі мен дайындалу сапасы оқушының оны тұтынуына тікелей әсер етеді. Айта кетерлігі, осы уақыт аралаығында Шымкент қаласының білім алушылары арасында топтық тағамнан улану жағдайы тіркелмеген. Білім беру ұйымдарының санитариялық жағдайын қамтамасыз ету тек санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының міндеті емес. Бұл ретте мектеп басшылары мен жергілікті атқарушы органдарға да үлкен жауапкершілік жүктелетіні анық. Осыған байланысты білім беру ұйымдарының басшылары мен жергілікті атқарушы органдарға бірқатар нақты міндеттер қойылды. Атап айтқанда, берілген нұсқамалардың толық әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз ету қажет. Қаржыландыруды талап ететін кемшіліктер анықталған жағдайда оларды жоюдың нақты мерзімдері мен қаржыландыру көздері белгіленуі тиіс. Сонымен қатар мектеп ғимараттары мен инженерлік коммуникацияларды қауіпсіз пайдалану, жылыту, сумен жабдықтау және желдету жүйелерінің жарамдылығын қамтамасыз ету маңызды. Асханалар мен медициналық пункттер санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай болуы, қажетті рұқсат беру құжаттары толық рәсімделуі және жаңа тамақтану стандартының талаптары қатаң сақталуы қажет. Мектептердің санитариялық жағдайы бір реттік тексерумен шектелмей, оқу жылы бойы тұрақты бақылауда болуы тиіс.
Жаңа оқу жылының басталуымен қатар тағы бір маңызды мәселе маусымдық жұқпалы аурулардың алдын алу. Күзгі-қысқы кезеңде жіті респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау және COVID-19 сияқты тыныс жолдарының вирустық инфекцияларының таралу қаупі артады. Әсіресе, балалар көп шоғырланатын білім беру ұйымдарында инфекцияның таралуына жол бермеу үшін алдын алу шараларын күшейту қажет.
– Қалада 2026 жылдың алғашқы жеті айында ЖРВИ-дің 147 952 жағдайы тіркелген. Оның 89 230 жағдайы, яғни 60,3 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Сондай-ақ, осы кезеңде тұмаудың 2 жағдайы және коронавирус инфекциясының 6 жағдайы тіркелді. ЖРВИ тыныс алу жолдарының зақымдалуымен жүретін әртүрлі вирустардан туындайтын аурулар тобы. Ал, тұмау осы топқа жататын, әдетте жедел басталуымен ерекшеленетін жұқпалы ауру. Тұмау, әсіресе, созылмалы аурулары бар адамдарға, жүкті әйелдерге, егде жастағы азаматтарға және жас балаларға ауыр өтуі мүмкін. Сондықтан аурудың алдын алу тек медициналық ұйымдарға ғана емес, ата-аналар мен білім беру ұйымдарына да ортақ міндет, – дейді Айгүл Тұрымбетова.
Басшы орынбасары вирустық инфекциялардың таралуын азайту үшін қарапайым, бірақ тиімді санитариялық шараларды тұрақты сақтауға шақырады. Адам көп жиналатын орындарға баруды шектеу, жабық әрі адам көп шоғырланған орындарда маска қолдану, қолды сабынмен мұқият жуу немесе антисептик пайдалану инфекциядан қорғанудың негізгі тәсілдері. Сонымен бірге, мектептерде бөлмелерді жүйелі түрде желдетіп, күнделікті ылғалды тазалау жүргізу, санитариялық тазалықты сақтау қажет. Жөтелген немесе түшкірген кезде ауыз бен мұрынды бір реттік майлықпен немесе шынтақтың бүгісімен жабу, жеке гигиена талаптарын сақтау, ауру адаммен тығыз байланыстан аулақ болу да маңызды. Ауру белгілері байқалған жағдайда өзін-өзі емдеумен айналыспай, медициналық көмекке жүгіну керек. Білім беру ұйымдарында таңертеңгілік сүзгі жүргізу және ауру белгілері бар балаларды уақытылы анықтау да инфекцияның ұжым ішінде таралуын болдырмауға ықпал етеді. Егер балада дене қызуы көтерілсе, жөтел, мұрыннан су ағу, тамақтың ауыруы, әлсіздік сияқты белгілер байқалса, ата-аналар баланы мектепке жібермеуі қажет. Мұндай жағдайда дәрігерге қаралып, тиісті медициналық кеңес алған жөн. Осы тұрғыда, тұмаудың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі жыл сайынғы вакцинация. Әсіресе, тұмау асқынуының қаупі жоғары адамдар үшін вакцинацияның маңызы ерекше.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА,
«Шымкент келбеті» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары