Шымкенттің Әл-Фараби ауданы халық тығыз орналасқан, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымы ауқымды аумақтардың бірі. Бүгінде ауданда 17 шағын аудан мен 1 елді мекен бар. Мұнда 262 мыңнан астам тұрғын тұрады. Аудан аумағында көппәтерлі 931 және 16 663 жеке тұрғын үй, 390 көше мен 257 әлеуметтік нысан орналасқан. Ауданда ауыз су, электр энергиясы және табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Ендігі міндет қолданыстағы инфрақұрылымның сапасын арттырып, аулалар мен көшелердің жайлылығын қамтамасыз ету. Бұл бағытта «Халық қатысатын бюджет» жобасы маңызды құралға айналып отыр. Аудандағы көппәтерлі 931 тұрғын үй 628 аулаға біріктірілген. 2025 жылы жоба аясында 38 балалар ойын алаңы мен 2 спорт алаңы салынды.
– Биыл 45 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Бұл – тұрғындардың өз ауласының қандай болуына тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беретін тетіктің нақты нәтижесі. Аула инфрақұрылымын жақсарту тек ойын және спорт алаңдарын салумен шектелмейді. Көлік пен жаяу жүргінші қозғалысына қолайлы жағдай жасау үшін аулаішілік жолдардың жағдайы да назарда. Мәселен, 2025 жылы көппәтерлі 182 тұрғын үйдің аулаларына 2 600 тонна асфальт төселді. Биыл шамамен 100 мекенжайдың аула ішілік жолына тағы 2 мың тонна асфальт төсеу жоспарланған. Қазіргі таңда 63 ауладағы ойылған жер қалпына келтірілді, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ержан Ерланұлы.
Бұл жұмыстар тек жолды асфальттау ғана емес, жауын-шашын кезінде су жиналмайтын, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы аула кеңістігін қалыптастыру.
Ауданда биыл тозығы жеткен 49 көшені жаңарту жоспарланып, оның 30-ында жұмыстар толық аяқталды. Тағы 3 көшеде жұмыс жалғасып жатыр. Жаяу жүргіншілер үшін де жағдай кезең-кезеңімен жақсаруда. Қазір ауданда жалпы ұзындығы 137,3 шақырым болатын аяқжол 122 көшені қамтиды. 46 көшедегі аяқжолды жаңарту ұсынылып, қазіргі таңда 9 көшеде жұмыстар толық аяқталған. Жая жүргіншілерге жағдай жасаумен қатар қауіпсіздігі де маңызды. Ол үшін көшелер мен аулаларды жарықтандыру мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Аудан аумағындағы 175 көшеге жарықшам орнатылған. Тағы 36 көшені жарықтандыру жұмыстары мен қатар «Әл-Фараби» КММ тарапынан 103 ауланы жарықтандыру қолға алынған. Қалада ирригациялық жүйелердің маңызы ерекше. Осыған байланысты Әл-Фараби ауданында арық-атыздарды қалпына келтіру жұмыстары тоқтаған емес. Биыл 27 көшеде ирригация жүйесін жүргізу жоспарланған. Бүгінге дейін оның 11-інде жұмыс толық аяқталып, 3 көшеде жұмысы жалғасып жатыр екен. Бұдан бөлек, «Әл-Фараби» КММ тарапынан 32 мекенжайда арық қазу жұмыстары жоспарланып, 11 көшеде бұл шаруа толық аяқталған.
– Ауданның архитектуралық келбетіне де назар аударылып отыр. Жарықтандыруды қажет ететін 10 тұрғын үй анықталып, қазіргі уақытта оларға сметалық құжаттар мен эскиздік жобалар әзірленуде. Бұл бастама тұрғын үйлердің тек түнгі көрінісін жақсартуға емес, қалалық ортаның эстетикалық тартымдылығын арттыруға бағытталған. Ауданның қоғамдық кеңістіктеріне көрік беретін сурет салу ісі де қолдау тауып, былтыр көппәтерлі 11 тұрғын үйдің қасбетіне мурал салдырғанбыз. Биыл адам көп шоғырланатын үш нысанда демеушілер қаражаты есебінен мурал салынды. Олар – Ә.Жангельдин көшесіндегі №20А үй, Орталық саябақ аумағындағы киіз үй тәріздес ғимарат және Ж.Шаяхметов көшесіндегі үйге. Жыл соңына дейін бюджет қаражаты есебінен тағы 8 мекенжайдағы көпқабатты үйлердің қасбетіне мурал салу жоспарланып отыр, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Тұрғындарға қолайлы әрі заманауи орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасып келеді. Қаланың шағын аудандары мен аулаларында абаттандыру, жаңа демалыс орындарын салу, мәдени нысандарды дамыту және тұрғын үй қорын жаңғырту бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылған. Демеушілердің қолдауы және мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында бірқатар аумақта жаңа гүлзарлар салынды. Атап айтқанда, Ш. Қалдаяқов көшесі бойындағы спорт мектебінің алды, Әл-Фараби алаңы, Ә. Жангельдин көшесіндегі №3 үйдің маңы, Ә.Молдағұлова көшесіндегі №4а, 6, 6а және 8 үйлер аумағы, сондай-ақ Ә.Жангелдин көшесіндегі №24а үйдің ауласы мен №28 үйдің сырт бөлігі абаттандырылды. Ержан Ерланұлының айтуынша аудандағы көп іс демеушілер тарапынан атқарылған. Сондай игі істердің аясында қазір халық сүйсініп баратын саябақтар жаңарды. Бұған дейін «Кең Баба» және «Қиял әлемі» саябақтары орнына жаңа форматтағы екі демалыс орны бой көтерді. Жапон стилінде жасақталған «Жапон саябағы» мен «City Park» тұрғындар игілігіне 2026 жылғы 19 маусымнан бастап пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында Ә.Молдағұлов көшесіндегі №4 және №4а үйлердің ауласында жаңа гүлзар салу жұмыстарын жүргізуде. Бұл бастамалар қала тұрғындарының демалысына қолайлы жағдай жасап отыр. Тұрғындардың әлеуметтік және мәдени қажеттіліктерін қамтамасыз ету бағытында Текесу тұрғын алабында да маңызды жоба жүзеге асты.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің тұрғындармен өткізген көшпелі кездесуі кезінде Текесу тұрғын алабына мәдениет үйін салу мәселесі көтерілген болатын. Көп жылдан бері айтылып келген бұл ұсыныс тиісті тапсырмалардың нәтижесінде демеушілердің қолдауымен көлемі 11,6 сотық жер телімінде жаңа мәдениет үйі бой көтерді. Құрылыс жұмыстарын «BKN GROUP» ЖШС жүзеге асырды.
– Нысанның құрылысы 2026 жылғы 10 сәуірде басталып, небәрі екі ай ішінде толық аяқталды. Жалпы аумағы 300 шаршы метр болатын мәдениет үйінде өнер және мәдени іс-шараларды өткізуге арналған зал, қосалқы бөлмелер мен қажетті инженерлік инфрақұрылым қарастырылған. Нысан заманауи жиһаздармен және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді, – дейді Ержан Ерланұлы.
Осылайша, Текесу тұрғындары үшін шығармашылықпен айналысуға, мәдени іс-шаралар өткізуге және бос уақытты тиімді ұйымдастыруға арналған жобаға халық дән риза.
Қаладағы тұрғын үй қорын жаңарту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында көппәтерлі 23 тұрғын үй қамтылды. Бүгінде оның 16-сында жөндеу жұмыстары толық аяқталса, қалған 7 үйде жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Реновация жобасы аясында биыл төрт мекенжайда құрылыс жұмыстары жүргізілуде екен. Олар – Елшібек батыр көшесіндегі №91 және №93 үйлер, Төле би көшесіндегі №37 үй және Ж. Әлімқұлов көшесіндегі №34 үй. Реновация бағдарламасы алдағы жылдары да жалғасын табады. 2029 жылға дейін 28 апатты және тозығы жеткен көппәтерлі тұрғын үйді жаңарту жоспарланған. Нәтижесінде 235 меншік иесін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Аудан аумағындағы сауда орындарын жаңғырту және олардың сыртқы келбетін ретке келтіру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Базарларды жаңғырту жобасы аясында «Орталық Қырғы базарындағы» жұмыстардың 95 пайызы аяқталды. Қазіргі таңда нысанда соңғы жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, ішкі әрлеу, шатыр орнату жұмыстары атқарылып, бұған дейін заңсыз орналасқан сауда орындарының орнына жаңа павильондар салынды. «Назым апа» базарындағы жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Ал «Көктем» базарында сауда орындарын демонтаждау жұмыстары толығымен аяқталған. А.Байтұрсынов көшесі бойындағы «Гарант» дүкені алдындағы заңсыз салынған кәсіпкерлік нысандарды бұзу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде 4 нысан толық бұзылса, тағы 3 нысан бойынша сот процесі жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты сауда орындарын заманауи талаптарға сәйкестендіріп, заңсыз құрылыс нысандарын ретке келтіру және тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру.
Ауданы аумағында барлығы көпқабатты 931 тұрғын үй бар. Оның 860-ы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, ал 71 көпқабатты үй автономды жылу жүйесін пайдаланады. Бұдан бөлек, аудан бойынша көпқабатты 175 тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етілген. 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 860 үйдің 574-інде сығымдау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда жылыту маусымына дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жалғасып жатыр. Сығымдау жұмыстары жылу жүйелерінің техникалық жағдайын тексеріп, алдағы маусымда апаттардың алдын алуға бағытталған. Тұрғын үйлердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету үшін олардың көлемі мен орналасуына қарай 7 сектор құрылған. Әр секторға аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітілген. Аудандағы негізгі және ішкі орам көшелерінің тазалығын «Әл-Фараби» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қамтамасыз етеді. Бүгінде ішкі орам аумақтарындағы санитарлық тазалық жұмыстарына 121 арнайы техника мен 558 қызметкер жұмылдырылған. «Көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары аптасына екі рет, ішкі орам көшелері де аптасына екі рет тазаланады. Тазалықты тәулік бойы қамтамасыз ету мақсатында кешкі ауысымда қосымша 4 арнайы техника мен 20 қызметкер жұмыс істейді. Олар сағат 17:00-ден 00:00-ге дейін аумақтарды тазалау жұмыстарын жүргізеді» дейді әкімдік өкілі.
Аудан аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жұмыстары «Таза Қазақстан» акциясы аясында да жалғасын табуда. Сенбіліктерге мемлекеттік мекеме қызметкерлері, тұрғындар, кәсіпкерлер және белсенді азаматтар қатысып, аулалар, көшелер мен қоғамдық орындарды тазалауға үлес қосып жүр. Жалпы, Әл-Фараби ауданындағы атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы ортақ мақсатқа, тұрғындарға жайлы, таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Базарларды жаңғырту, тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау, санитарлық тазалық пен көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу аудан инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА,
“Шымкент келбеті” газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары