Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасында Халықаралық Композиторлар одағының және Қазақстан Авторлар қоғамының мүшесі, композитор, әнші Айзада Бекенқызының шығармашылығына арналған «Өнер мен сөз үндестігі» атты тағылымды кеш өтті. Шара барысында қаламгер-сазгердің «Бала үні – әлем үні» атты жаңа кітабының тұсаукесері ұйымдастырылып, өмірі мен шығармашылығына арналған көркемделген кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Кештің шымылдығы қонақтарды қарсы алудан басталып, жүргізуші Құндызай Нұрланқызы шараның мақсаты мен кейіпкердің шығармашылық жолына тоқталды. Айзада Бекенқызының өнердегі ізденісі, балалар шығармашылығына қосып жүрген үлесі жайлы айтылып, оның әндері мен шығармаларының ерекшелігі сөз болды.
Шараға Қазақстанға еңбегі сіңген «Мәдениет қайраткері» Абылайхан Оспанов, әнші Қадіркүл Сахова, ақын, Жазушылар Одағының мүшесі Эльмира Сәрсенбайқызы, әнші Гүлшат Маратбекқызы және өнер иесінің жақындары мен шәкірттері қатысты.
Кеш барысында Айзада Бекенқызының өмірі мен шығармашылығына арналған «Өлеңмен өрілген өмір» атты бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ, кітапхана қызметкерлері «Кітапхана әнін» орындап, кеш кейіпкерінің әндері шырқалды. Өнер иесінің шығармашылығына арналған музыкалық тартулар кештің мазмұнын аша түсті.
Кештің басты жаңалығы – «Бала үні – әлем үні» кітабының таныстырылымы болды. Автор жаңа жинаққа балаларға арналған әндерін топтастырғанын айтып, шығармашылық жолындағы бұл еңбектің өзіндік орны бар екенін жеткізді.
– Бұл – менің екінші кітабым. Бұдан алдын «Асыл арман» деген ән кітабым шыққан болатын. Ал, бұл жинақта көбіне балаларға арналған әндерім жинақталды. Балаларға арнап ән жазу – үлкен жауапкершілік. Өйткені, бала жүрегіне жол табатын шығарма қарапайым әрі түсінікті болғанымен, мазмұны терең, тәрбиелік мәні жоғары болуы керек. Ән арқылы бүлдіршіндердің бойына туған жерге, елге, ата-анаға деген сүйіспеншілікті, достық пен ізгілікті сіңіргім келеді. «Бала үні – әлем үні» деп атауымның да мәні осында. Баланың жүрегінен шыққан таза үн – адамзаттың ортақ үні деп ойлаймын. Бұл кітапты балаларға, ұстаздарға, музыка саласында жүрген жандарға пайдалы дүние болсын деген ниетпен ұсындым, – деді сазгер.
Кеш барысында қонақтар да өз лебіздерін білдіріп, композитордың шығармашылығына жылы пікірлерін жеткізді. Әсіресе, оның балалар әндеріне ден қоюы, ұлттық өнерді заманауи сипатта насихаттауы және жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне үлес қосып жүргені атап өтілді.
Шара соңында Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының директоры Раушан Бабажанова кеш қонақтарына алғысын білдіріп, шара кейіпкерін жаңа шығармашылық еңбегімен құттықтады.
– Бүгінгі кешке арнайы уақыт бөліп, төрімізге келген барша қонақтарға кітапхана ұжымы атынан шынайы алғысымды білдіремін. Айзада Бекенқызының шығармашылығы – өнер мен сөздің, әуен мен ойдың тоғысқан тұсы. Әсіресе, балаларға арналған әндерінің тәрбиелік мәні зор. «Бала үні – әлем үні» кітабының жарық көруі – автордың ғана емес, балалар әдебиеті мен музыкасы үшін де қуанышты жаңалық. Айзада Бекенқызын жаңа кітабының жарық көруімен құттықтай отырып, шығармашылық шабыт, мықты денсаулық, жаңа әндер мен жаңа кітаптар тілеймін. Бүгінгі кешке келген өнер адамдарына, әріптестерімізге және барлық қонақтарға рақмет айтамын. Осындай рухани кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таба берсін!, – деді ол.
Кеш соңында авторға ізгі тілектер айтылып, шығармашылық жолына ақ жол тілектер арналды. Кітапхана төріндегі «Өнер мен сөз үндестігі» атты көрме де оқырмандарға Айзада Бекенқызының шығармашылық мұрасымен кеңірек танысуға мүмкіндік берді.
Осындай рухани басқосулар – өнер иесін дәріптеп қана қоймай, оқырман мен шығармашылық адам арасындағы байланысты нығайтудың, жас ұрпақты ұлттық өнер мен әдебиетке жақындатудың маңызды жолы.
Гүлмайра НЫСАНОВА,
Жасөспірімдер кітапханасының бөлім басшысы
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары