Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Қазақстанда аза тұту жарияланды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
— Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілерді толқын алып кеткен.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия Маңғыстау облысындағы төтенше жағдай болған жерде жұмысын жалғастыруда.
Оқиға орнында жұмылдырылған мемлекеттік органдардың іс-қимылы және іздестіру-құтқару жұмыстары үйлестірілуде. Қазіргі таңда негізгі міндет – орналасқан жері анықталмаған екі әскери қызметшіні іздестіру.
Нақтыланған мәліметке сәйкес, оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Қанат Бозымбаев әлі табылмаған әскери қызметшілерді қажетті барлық күштер мен құралдарды тарта отырып, тәулік бойы үздіксіз іздестіруді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті материалдық және өзге де көмек көрсету тапсырылды.
Уәкілетті органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.
Комиссияның жұмысы мен оқиға орнындағы іздестіру-құтқару іс-шаралары жалғасуда.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары