Сырттан тасымай, өзіміз өндірдік — Xnews — ақпарат агенттігі

Сырттан тасымай, өзіміз өндірдік

Шымкентте «жоқ, қолымнан келмейді» деген сөз жоқ. Әзілдеп айтса да, бұл сөздің астарында Шымкенттің саудасы қызған, кәсібі қайнаған қала ғана емес, еңбекті бағалайтын, өндірісті дамытуды қолға алған шаһар екені де жатса керек. Бүгінде қалада шағын және орта кәсіп иелері түрлі бағытта өнім шығарып, ішкі нарықты отандық тауармен толықтыруға үлес қосып келеді. Ал, бұл қатарда бала қуанышын еселейтін ойыншық жасайтын кәсіпорынның орны бөлек. Солардың бірі – балаларға арналған пластик ойыншық өндіретін NAVRUZPLASTIC зауыты.

2011 жылы жұмысын бастаған кәсіпорын бүгінде 2 мен 8 жас аралығындағы балаларға арналған 30-дан астам ойыншық түрін шығарады. Өндірістің қазіргі қуаты айына 20 мыңға жуық ойыншық шығаруға мүмкіндік береді. Зауытта 20 адам еңбек етеді.

Бұл кәсіпті бастаудың өзіндік тарихы бар. Оның негізін қалаған Рабиға Байтемірова отбасымен бірге бастапқыда ойыншық жасаумен емес, саудамен айналысқан. Өзбекстан, Қытай, Иран және Түркиядан ойыншықтар мен кеңсе тауарларын әкеліп, көтерме сауда жасаған. Осылайша шетелдік өнімдерді жылдар бойы көріп, олардың нарықтағы сұранысын зерттей жүріп, «дайын өнімді сырттан тасығанша, неге өзіміз өндірмеске?» деген ойға келеді.

Бұл ой 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласына барған сапардан кейін нақты мақсатқа айналды. Рабиға Байтемірованың айтуынша, Гуанчжоуға ұлы Наурызбек Байтеміров пен зауыттың қазіргі инженері Шухрат Юлдашевпен бірге барып, өнеркәсіптік тауарлар мен жабдықтар көрмесіне қатысып, өндіріс орындарының жұмысымен танысады. Сапар барысында олар технологияларды зерттеп, қытайлық өндірушілермен келіссөз жүргізеді. Елге оралған соң шешім қабылданады.

«Қытай, Ресей, Иран және Өзбекстан балаларға арналған пластик ойыншықтар шығара алады. Неге Қазақстан шығара алмайды? Біздің олардан қай жеріміз кем? Жоқ, біз де ойыншық шығаратын боламыз» деген оймен отбасы іске кіріскен. Бірақ ойды іске асыру үшін бір жылдық дайындық қажет болған. Қытайдың түрлі өнеркәсіптік аймақтарына бірнеше рет барып, мамандармен кеңесіп, станоктар мен қалыптарды, қажетті шикізатты зерттеген. Сол кезеңде Наурызбек Байтеміровтың Қытайда алған білімі де септігін тигізген екен. Ол 2008 жылы Бейжіңде білім алып, қытай тілін үйренумен қатар, жаңа технологиялар мен компьютерлік бағдарламаларды меңгерген.

2011 жылы алғашқы сынақ станогы мен қалып орнатылып, өндіріс өз жұмысын бастайды

– Басында қиын болды. Бірақ біртіндеп қиындықтарды еңсеріп, арманымызға қол жеткіздік», – дейді кәсіп иесі.

Содан бері кәсіпорын біртіндеп дамып, бүгінде өз өнімін Қазақстанның барлық өңіріне жеткізіп отыр.

Бұл ретте, өндірістің тағы бір ерекшелігі – кәсіпорын отандық шикізатты пайдаланады. Ойыншық жасауға қажетті полипропилен Атырау қаласындағы өндіріс орнынан жеткізіледі. Оның сапасы мен шығуын растайтын сертификаттар өндірушіден алынады. Дайын өнім де бірнеше талаптан өтеді. Ойыншықтар алдымен мемлекеттік стандарттау және сертификаттау органына ұсынылып, тиісті тексеруден өтеді. Сертификат алынғаннан кейін ғана сатылымға шығарылады. Бұл – балаларға арналған өнім болғандықтан, қауіпсіздікке қойылатын талаптың жоғары екенін көрсетеді.

Кәсіп иесінің айтуынша, зауыт өнімдері сапасы жағынан шетелдік ойыншықтардан кем түспейді. Бағасының қолжетімді болуы да сұраныстың тұрақтылығына әсер етеді. Ойыншықтар, әсіресе балалардың туған күндеріне, бесік той мен өзге де отбасылық қуаныштарға сыйлық ретінде жиі алынады.

Өндірістің дамуына кәсіп иелерінің табанды еңбегімен бірге мемлекеттік қолдаудың да ықпалы бар. Кәсіпорын «Даму» және «Атамекен» бағдарламаларымен жұмыс істейді. Осы ұйымдардың қолдауымен 2016 жылы «Оңтүстік» индустриалды аймағынан кәсіпорынға 0,3 гектар жер учаскесі бөлінген. Сонымен қатар кәсіпкерлер жыл сайын қазақстандық өндірушілердің өнімдері ұсынылатын көрмелерге қатысып, отандық өнімді кеңінен танытуға атсалысып келеді.

Шымкентте өндірілген ойыншықтар бүгінде Қазақстанның барлық өңірлері мен қалаларына жеткізіледі. Кәсіпорын сыртқы нарықты да назардан тыс қалдырмай отыр. Қазір Қырғызстан және Тәжікстанмен өнім экспорттау бойынша келіссөздер жүргізілуде. Ал Ресейге тауар жөнелту 2022 жылдан бері уақытша тоқтатылған.

NAVRUZPLASTIC ұжымы тек өнім өндірумен шектелмей әлеуметтік бастамаларға да атсалысады. Балаларға арналған ойыншық жасайтын ұжым олардың қуанышына ортақ болуды да назардан тыс қалдырмайды. Осы мақсатта кәсіпорын өкілдері жыл сайын Наурыз мерекесі мен Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында балалар үйлері мен басқа да түрлі әлеуметтік ұжымдарда өтетін қайырымдылық шараларына қатысып келеді. Өндіріс орнынан шыққан ойыншықтардың бір бөлігі сауда сөрелеріне жол тартса, енді бірі қайырымдылық арқылы балаларға сыйға тартылады.

Он бес жылдан астам уақыт ішінде кәсіпорынның еңбегі түрлі марапаттармен бағаланған. NAVRUZPLASTIC «Алтын сапа», «Іскер», «Қазақстанның үздік тауары» марапаттарына ие болған. Сонымен қатар, компания қоржынында ордендер, медальдар, дипломдар мен құрмет грамоталары бар. Осы марапаттардың ішінде мемлекеттік «Алтын сапа» сыйлығын Президенттің қолынан алу кәсіп иелері үшін ерекше мәртебе болған. Бір кездері шетелден ойыншық әкеліп сатқан отбасы бүгінде өз өнімін елдің барлық өңіріне ұсынып отыр. Бұл – кәсіптің үлкен өндірістен емес, ең алдымен еңбек пен батыл шешімнен басталатынын көрсетеді. Шымкентте отандық өнім өндіруші кәсіпорындар көп-ақ. Олардың қатарында кілем шығаратын «Бал Текстиль», тоқыма өнімдерін өндіретін «AZALA текстиль», ұн өнімдерін шығаратын «Pioneer Grain Products», электр трансформаторларын өндіретін «Asia Trafo» сынды өндіріс орындары бар. Енді осы қатарға балаларға арналған ойыншық шығаратын кәсіпорынды да қосуға болады. Осылайша, өндірісі өркендеген бүгінгі Шымкент ойыншықтың да отаны болып отыр.

Ұлжан ИСАХАНҚЫЗЫ,
“Шымкент келбеті” газеті

x

Check Also

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...