Шымкент қаласының садақ атушылары халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етті. Биыл наурыз айында Таиландтың Бангкок қаласында өткен Азия кубогында қала спортшылары бірнеше жүлдеге қол жеткізді. Командалық сайыста Роксана Юнусова мен Диана Юнусова алтын медаль иеленсе, классикалық садақ атудан Дастан Кәрімов пен Диана Тұрсынбек те командалық есепте жеңімпаз атанды.
Ал, 31 наурыз – 4 сәуір аралығында Бангкок қаласында өткен Пара садақ атудан Азия кубогында Шымкент қаласының спортшылары — Жанат Әйтімова мен Айым Сейдахметова командалық сайыста 2-орын иеленіп, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Сонымен қатар, былтыр Корея Республикасының Гванчжу қаласында өткен садақ атудан әлем чемпионатында Роксана Юнусова командалық сайыста қола жүлдеге ие болды. Спортшының бұл жетістігі халықаралық аренадағы шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жарқын жеңіске жеткен садақ ату спортының өкілдерін қабылдап, құрмет көрсетті.
Сәрсен Абайұлы садақ атушылар араға 32 жыл салып, әлем чемпионатында жүлдегер болғанын, жалпы шаһарда спортшыларға барлық жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті.
Қала әкімінің орынбасары Роксана Юнусоваға – 1 000 000 теңге, Азия кубогының жеңімпаздарына – 300 000 теңгеден, ал Пара садақ атудан Азия кубогының күміс жүлдегерлеріне 200 000 теңгеден сыйақыны табыс етті.
Айта кетсек, спортшылардың халықаралық жарыстардағы жоғары нәтижелері олардың кәсіби шеберлігі мен жаттықтырушылар еңбегінің жемісі.
Садақ ату-бұл олимпиадалық спорт түрі, онда спортшылар садақ ату дәлдігінде жарысады. Ал, садақ ату адамзат қоғамы дамуының алғашқы кезінен аң аулауда, сондай-ақ оқпен атылатын қарулар шыққанға дейін соғыста кеңінен қолданылған. Садақ тарту башқұрт, қырғыз, бурят, қазақ, т.б. халықтардың жамбы ату, алтын қабақ, теңге ату сияқты ұлттық ойындарында кең таралған.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары