Мемлекет басшысының тапсырмасымен Шымкентте мәдениет және өнер университеті ашылуда.
Шымкент опера театрына арнайы жаңа ғимарат салу ісі де қолға алынған. Сахнаның бекзат өнері – опера қазаққа жат емес. Қазақтан шыққан дүлділ опера әншілері көп-ақ. Солардың бірі – ұлттық опера өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, қазақтың классикалық өнерін халықаралық сахналарда насихаттап жүрген белгілі опера әншісі Үралхан Сейілбекова биыл 50 жаста. Ал, оның сахнадағы шығармашылық жолына – 30 жыл. Өнерлі әулетте дүниеге келген ол бала күнінен терме мен әннің тәлімін бойына сіңіріп өсті. Кейін академиялық вокалды таңдап, опера өнерінің биігіне көтерілді. Шымкент қалалық опера және балет театрының қалыптасуына үлес қосқан саңлақ бүгінде сахнада күрделі опералық образдарды сомдап қана қоймай, кейінгі буынға өз тәжірибесін бөлісіп жүрген ұстаз. Мәдениет майталманымен жасаған сұқбатымызда сол сахнадағы 30 жылдық өнер жайлы өрілді.
– Үралхан Каналбайқызы, Шымкентте опера өнерінің өзіндік мектебі қалыптаса бастағандай. Бұл беталысқа маман ретінде қандай баға берер едіңіз?
– Әрине, біртіндеп өз мектебіміз қалыптасып келе жатқаны қуантады. Қазір біздегі опера әншілерінің көбі Алматыда немесе Астанада білім алып келгендер. Олардан үйренеріміз көп. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Шымкентте ашылғалы жатқан өнер университетінде вокалдық бағытта арнайы кластар ашылса, болашақ өнерпаздарды өзіміз тәрбиелеуге мүмкіндік туады деген үмітіміз бар. Шымкентке кәсіби мектеп керек-ақ. Өнерпазды өз өңіріңде тәрбиелеп, өз сахнаңа дайындасаң, оның нәтижесі де өзгеше болады. Болашақта Шымкенттің өзінің опера мектебі қалыптасып, жас әншілер осы жерден түлеп ұшса екен деген арман да жоқ емес.
– Бүгінгі опера өнеріне келіп жатқан жас әншілерге көңіліңіз тола ма?
– Қазіргі жастарда мүмкіндік көп. Бұрын біз қажетті дүниені іздеу үшін кітапхана аралап, кітап ақтарып, көп уақыт жұмсайтынбыз. Қазір ақпарат қолжетімді. Телефонның өзінен әлемнің үздік опера әншілерін тыңдауға, түрлі шеберлік сабақтарын алуға, орындау техникасын зерттеуге болады. Сондықтан өзін дамытуға ниеті бар жас әншіге мүмкіндік жеткілікті. Мен қазіргі жас әншілердің дайындығына жақсы баға бере аламын. Бірақ, бұл мүмкіндік пен дайындық болса болғаны деген сөз емес. Өнерде тәжірибе, сахна, еңбек арқылы қалыптасатын дүниелер бар. Мен жастарға бес белді операны орындамай тұрып, өзіңді опера әншісімін деп санауға әлі ерте дегенді үнемі айтып отырамын. Өйткені, әр опера адамнан бөлек дайындықты, бөлек шеберлікті талап етеді. Өнерде өз-өзіңе талап қоя білу керек. Ең алдымен шәкірттерімнен ізденіс күтемін. Сондықтан «мен бәрін білемін» деуге болмайды. Болашақ мұғалімдерге музыкалық білім бердім. Сабақ барысында операдан ариялар орындап, романстар үйретіп, олардың музыкалық көкжиегін кеңейтуге тырыстым. Әлі де өз тәжірибеммен бөлісуге тырысамын. Өйткені, әр буын өзінен кейінгі буынға білгенін қалдыруы керек. Өнердің ең үлкен жалғастығы да осында деп ойлаймын.
– Өмірдегі ең үлкен өнер сабағы жайлы не айтар едіңіз?
– Өнер, жалпы, әкенің қанымен, ананың сүтімен келеді. Менің әкем – өнерге бар ғұмырын арнаған, өз ортасына сыйлы, өте талантты өнер иесі. Кезінде Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының негізін қалаушылардың бірі болды. Әкем екеуміздің тағдырымыздағы ұқсастық осы жерден басталатындай.
Әкем Жетісайдағы театрдың іргесін қаласа, мен Шымкент қалалық опера және балет театрының қалыптасуына үлес қостым. Екеуміздің де өмір жолымыз сахнамен сабақтасып жатыр. Атамыз суырып-салма айтыскер ақын болған. Сол кісідегі қасиет әкеме дарыған. Әкем өте талапшыл адам. Әннің әуенін де, сөзін де қате айтуға жол бермейді. «Дұрыс айтып үйреніңдер» деп қайта-қайта айтқызатын. Бір сөздің бұрыс айтылғанын немесе әуеннің дұрыс түспегенін байқаса, міндетті түрде тоқтатып, қайта айтқызатын. Әнге, сөзге, жалпы, өнерге сын көзбен қарауды сол кісіден үйрендім. Кейін кәсіби опера әншісі болып, үлкен сахнаға шыққанымда да әкем менің ең алғашқы әрі ең тұрақты тыңдарманым болды. Ол кісінің ноталық сауаты да мықты. Ташкентте оқып, Островский атындағы театр институтында бес жыл білім алып, музыка мен актерлік мамандықты қатар меңгерген. Сондықтан әкемнің әрбір ескертуі мен үшін жай сын емес, үлкен сабақ болды. Ол кісіден алған ең басты сабағым – өнерге жеңіл қарамау.
– Сахна өнері оңай емес. Өзіндік қиындығы мол мамандыққа отбасыңыз қалай қарады?
– Өнер жолын таңдаған әрбір адамға отбасының түсіністігі мен қолдауы өте маңызды. Мен мұндай қолдауды өмірімнің әр кезеңінде сезініп келемін. Туып-өскен отбасымда өнерге деген көзқарас ерекше. Үлкен әпкем Күлімхан музыкалық бағытта білім алғысы келген кезде әкем алғашында қарсы болды. Ал, мен оқуға түсетін кезде түсіністік танытты. Өйткені, әпкемнің де өнерді таңдап, сол жолға бет бұрғанын көрген соң, менің таңдауыма қарсылық білдірмеді. Жоғары оқуды бітірген соң Алматыда қалып, еңбек жолымды Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясында солист болып бастадым. Кейін Ішкі істер министрлігінің симфониялық оркестрінде де солист болдым. Сол кезде анам Тұрғанкүл: «Тұрмысқа шыққанда жолдасың ән айтуға рұқсат берсе, айтарсың. Рұқсат бермесе, ары қарайғы тағдырың сол адамның қолында болады» деген еді. Ана жүрегі қыздың болашағын ойлаған ғой. Ал, жолдасым Дәулетхан Болысбаев екі жылдай маған сөз айтып жүрген кезінде менің өнерге деген сүйіспеншілігімді, ән айтқым келетінін жақсы білді. «Өнеріңді жалғастыруыңа қарсы емеспін, ешқандай шектеу қоймаймын» деген сөзінен әлі күнге дейін танған емес. Жолдасымның қолдауы мен үшін өте үлкен демеу. Өнер адамының сахнада еркін өнер көрсетуі үшін оның үйінде де тыныштық пен түсіністік болуы керек. Мен сол тұрғыдан өзімді бақытты жанмын деп есептеймін.
– Бір сөзіңізде «ұстазға баймын» деп қалдыңыз. Олардың қайсысын ерекше атар едіңіз?
– Өнер жолында ұстаздың орны ерекше. Әр ұстаздан алға тәлімің өнердегі болмысыңа бір кірпіш болып қаланады. Институтта оқып жүрген кезімде вокалдан Галина Жұмабекқызының класына түстім. Менің академиялық, классикалық бағыттағы кәсіби әншілік жолым сол кісіден басталды. Оған дейін де кең тынысты әндерді орындағанды жақсы көретінмін. Бірақ, академиялық вокалдың табиғатын, оның талаптарын, дұрыс тыныс алуды, дауысты кәсіби тұрғыдан пайдалануды сол ұстазымнан үйрендім. Алғашқы арияларды да сол жерде айтып бастадым. Институтта студенттерден құралған жастар театры болды. Сол жерде бір актілі опералардан үзінділер орындайтынбыз. Операға деген шынайы махаббатым сол ортада қалыптасты. Кейін театрға келгенде, Қазақстанның халық әртісі Рахима Төлегенқызы бізде педагог-репетитор болып жұмыс істеді. Ол кісінің де маған бергені көп. Опера орындау деген тек ән айту емес. Сахнада өзіңді қалай ұстау керек, кейіпкердің әрекетін қалай көрсету керек, музыканы қалай сезіну керек, дауысты қалай жеткізу керек – осылардың барлығын сол кісіден үйрендім. 2015 жылы Италияға барып, Изабелла Фратиден сабақ алдым. Сол тәжірибе менің операға деген көзқарасыма жаңа леп әкелді. Әлемдік опера мектебінің тынысын сезіну, кәсіби ортада білім алу – әнші үшін үлкен мектеп. Қазір театрда Майра Мұхамедқызы да өзінің білгенін үйретіп, қойылымдар барысында ақыл-кеңесін айтып отырады. Дауысты да, шеберлікті де үнемі шыңдап отырған жөн. Сондықтан да менің әлі де үйренерім көп.
– Сахнаға алғашқы шыққан кезіңіз ұмытылмас сәт шығар? Сол сәтіңізбен бөліссеңіз…
– Ол сәттер әлі күнге дейін көз алдымда. Мектеп қабырғасында жүргенімде түрлі байқауларға қатыстым. Мен үшін Құрманбек Жандарбеков атындағы театр сахнасының орны ерекше еді. Бір күні Жетісайға атақты сазгер, вальс королі Шәмші Қалдаяқов келді. Сол кезде мен Шәмші ағамыздың алдында өнер көрсету бақытына ие болып, «Бәрінен де сен сұлу» әнін орындап шықтым. Әнді баянның сүйемелдеуімен айттым. Орындап болған соң Шәмші ағамыз өзі орнынан тұрып, маған гүл сыйлады. Ол сәтті сөзбен айтып жеткізу қиын. Бала күнінен әндерін тыңдап өскен ұлы композитордың өз қолынан гүл алу – менің өмірімдегі ең айтулы, ең қуанышты, ең ұмытылмас сәттердің бірі еді.
– Өзіңіз орындаған партиялардың ішінде ең күрделісі қайсысы болды?
– Партиялардың ешқайсысын бір-бірінен бөліп қарай алмаймын. Әрқайсысының өз орны, өз салмағы, өз тағдыры бар. Әр образды орындаған сайын мен оның ішкі әлеміне енуге тырысамын. Бір кейіпкердің мінезі маған жақын болуы мүмкін, екіншісінің тағдыры әсер етуі мүмкін. Бірақ, сахнаға шыққан сәтте бәріне бірдей жауапкершілікпен қараймын. Әрбір орындаған образым – өнер жолымдағы жеке бір белес. Операдағы кейіпкерді жай ғана жаттап алып орындау жеткіліксіз. Мен үшін ең алдымен сол шығарманың ішкі мазмұнын түсіну маңызды. Бірінші кезекте оның либреттосын оқып шығамын. Оқиғасы қайдан шыққанын, шығарманың тарихын, композитордың нені айтқысы келгенін, қандай ойды жеткізгісі келгенін түсінуге тырысамын. Содан кейін кейіпкердің образына кірісемін. Мінезі қандай? Қандай жағдайда өмір сүрді? Оның ішкі жан дүниесінде не болып жатыр? Сахнада нені бастан кешіреді? Осы сұрақтардың бәріне жауап іздеймін. Мысалы, Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсының алғашқы премьерасында Қамардың бейнесін сомдадым. Бұл образ маған ауыр тиді. Өйткені, Қамар – тағдыры аянышты қыз. Өз теңіне қосыла алмайды, малға сатылады. Ішкі қайғысы мен шарасыздығы ақыры оны психологиялық тұрғыдан күйзеліске алып келеді. Соңында жынданып кетеді. Мен сол образға бар жаныммен кіріп кеткен болуым керек. Опера аяқталғаннан кейін біраз уақытқа дейін өзіме келе алмай, кәдімгідей ауырып қалдым. Міне, солай кейіпкердің жан күйзелісі өзіңнің ішкі дүниеңе өтіп кететін сәттер болады.
– 30 жылдық сахна сізге не берді? Байқасам, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері екенсіз. Өнеріңізді құрметтейтін көрермен көп болғанмен, әлі күнге «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» атағын алмауыңызға не себеп?
– Сахна маған ең алдымен жауапкершілік пен тәртіпке бағынуды үйретті. Еңбек етуге, ізденуге, өзіңді үнемі жетілдіруге машықтандырды. Осы отыз жыл ішінде мен бір нәрсені анық түсіндім: сахнаға жайдан-жай шығуға болмайтынына, сахнаның да киесі барына көз жеткіздім. Өйткені, сенің алдыңда көрермен отыр. Сен сол көрерменнің алдында өз өнеріңмен жауаптысың. Сахна маған халық қошеметінің қандай үлкен күш екенін де көрсетті. Кейде қатты шаршап жүресің, дайындық ауыр болады. Бірақ, сахнаға шыққанда көрерменнің ықыласын сезінсең, бар шаршауыңды ұмытып кетесің. Сол қошемет қанаттандырады, алғыс айтуға жетелейді. Мен үшін музыка – өмірім. Сахна – жүрегім. Ал, көрермен – шабытым. Отыз жыл бойы осы үш дүниенің арасында өмір сүріп келемін. Ал, атаққа келсек, наградаға алдымен Астана, Алматы жақтағылар ілінетіні рас қой. Бізге де кезек келіп қалар…
– Шетелдік сахналарда да өнер көрсеттіңіз. Қазақ әншісін сырт көзбен қалай бағалады?
– Шетелдік сахналарда өнер көрсету – кез келген өнер адамы үшін үлкен мектеп. Әр елден келген әншілердің орындауын тыңдайсың, сахна мәдениетін көресің. Өзіңе қажет жақсы дүниелерді бойыңа сіңіресің. Сонымен бірге, халықаралық шығармашылық байланыстардың да маңызы зор. Қазақ әнінің шоқтығы биік екенін шетелдік көрерменнің реакциясынан-ақ аңғаруға болады. Бірнеше рет шетелде өнер көрсеткенде, залдың дүр сілкінгенін көрдік. Көрермен шапалақты аямай соғады. Қазақтың ұлттық нақыштағы, оюлы костюмдерімізге қызығып, тамсанып жатады. Сондай сәттерде жүрегің қуанышқа толып кетеді екен. Қазақтың өнерін дәріптеп жүргеніме мақтандым. Өз елімнің өнерін, әнін, мәдениетін шетелге таныстыру – мен үшін үлкен мәртебе.
– Өнердегі жол мен отбасылық өмірді қатар алып жүру оңай емес шығар? Сізге осы екеуін үйлестіруге не көмектесті?
– Ол рас. Өйткені, біздің жұмысымыздың уақыты қалыпты емес. Кейде таңертең ерте кетіп, кешке бір-ақ келесің. Кейде концерт, кейде гастроль, кейде қойылымның дайындығы болады. Осындай кезеңде үйдегі көңіл-күйдің де маңызы зор. Егер отбасыңда түсіністік болмаса, сахнадағы дайындыққа да әсер етеді. Балаларым кішкентай кезінде әкесі «Шуламаңдар, аналарың операға дайындалып жатыр» деп тыныштандырып отыратын. Бұның өзі қазір еске алсам, көңілімді жылытады. Олар менің жұмысымның ерекшелігін түсініп өсті. Биыл екеуміздің отау құрғанымызға 25 жыл толып отыр. Күміс тойымыз. Оны дүркіретіп атап өтуді мақсат етіп отырған жоқпыз. Бірақ, осы жылдардың ішінде бір қыз, екі ұл тәрбиелеп, қызымызды құтты орнына қондырдық. Бұл – біздің ең үлкен жетістігіміз. Жолдасымның өзі де өнер адамы. Өнертану ғылымының профессоры, бейнелеу өнерінің маманы. Мүмкін, екеуміз де өнер саласының адамдары болғанымыз да бір-бірімізді түсінуімізге әсер еткен шығар. Ол үйленгеннен кейін бір айдан соң аспирантураға түсіп, кандидаттық диссертациясын қорғады. Сол кезеңде мен де оның жанынан табылып, жетістігіне қуандым. Ол мені қолдаса, мен оның ғылымдағы ізденісін қолдадым. Сондықтан біздің отбасымызда өнер бір-бірімізге кедергі емес, керісінше, бір-бірімізді түсінуге себеп болды.
– 50 жас пен сахнадағы 30 жылдық белесіңіз тұспа-тұс келіп отыр екен. Қандай жоспарларыңыз бар?
– Иә, сахнада өнер көрсетіп жүргеніме — 30 жыл. Уақыттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалыппыз. Осыған байланысты қазан айының соңында, бұйырса, үлкен есеп беру концертін өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазір сол концертке дайындық үстіндемін. Үш онжылдықта орындаған шығармаларымның ішінен ең таңдаулыларын іріктеп жатырмыз. Бір кезде орындаған, көрерменнің көңілінде қалған әндер мен опералық шығармаларды қайта жаңғыртып, сол кеште ұсынғым келеді. Бұл мен үшін жай ғана концерт емес. Бұл – отыз жылдық сахналық жолыма есеп беру. Өткенге көз жүгіртсем, екінші жағынан алдағы жолға жоспар құратын сәт. Осы жылдар ішінде менің өнерімді қолдайтын тұрақты көрермендерім қалыптасты. Сол кісілердің барлығына алғысым шексіз. Осы мерейтойлық концертімде сол көрермендеріммен қайта қауышқым келеді.
– Сәттілік серігіңіз болсын!
Сұхбаттасқан
Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ,
«Шымкент келбеті» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары