Шымкентте туризм саласына жаңа серпін беретін жоба іске қосылды. Еңбекші ауданындағы Маятас тұрғын алабында, Бадам су қоймасының жағалауында O’MIR Shymkent эко-демалыс кешенінің таныстырылымы өтті. Шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жаңа нысанның жұмысымен танысты.
O’MIR Shymkent – Каспий теңізінің жағалауында жұмыс істеп келе жатқан O’MIR Glamping желісінің Шымкенттегі жаңа жобасы. Кешеннің басты ерекшелігі – табиғи ландшафтпен үйлесімділігі. Мұнда заманауи глэмпинг үйлері, шығыстық сәулет элементтері мен Бадам су қоймасының табиғи көрінісі тоғысқан.
Жалпы аумағы 74 гектарды құрайтын кешеннің құрамында болашақта 48 глэмпинг, 18 капсулалық және 24 модульдік үй болады. Сонымен қатар, ASPAN мейрамханасы, Сақ моншасы, спорт алаңы, амфитеатр, атпен серуендеу және шарап өндірісіне арналған аймақтар қарастырылған. Жобаға тартылған инвестиция көлемі шамамен 9 млрд теңге.
Жобаның негізін қалаушы Жанна Найзабекованың айтуынша, кешеннің басты мақсаты – табиғатты сақтай отырып, келушілерге сапалы әрі жайлы демалыс ұсыну.
– O’MIR Shymkent – Бадам су қоймасының табиғатын, қаланың шуынан алыс жерде тынығып, шынайы демалуға мүмкіндік беретін орын. Біз үшін қонақжайлық, сапа және табиғатқа ұқыпты қарау маңызды. Кешенге келген әрбір адам жақсы әсер алып, тынығып, күш жинап қайтса дейміз. Бұл жобаның басты құндылығы да – табиғат пен заманауи жайлылықтың үйлесімінде, – дейді ол.
Жобаның ерекшелігі мен ауқымы қонақтардың да қызығушылығын арттырды. Табиғатпен үйлескен сәулеті, жайлы демалыс орындары мен заманауи инфрақұрылымы алғашқы келушілерге ерекше әсер қалдырған. Жоба серіктесі Жадыра Дәулетбайқызы да кешеннің дайындық барысы мен бүгінгі келбетіне жоғары бағасын берді.
– Алғаш келгенде-ақ жобаның ауқымы мен ерекше шешімдеріне таңырқап, тамсандық. Қазақстанда өзіндік ерекшелігімен дараланатын осындай жобалар бізге қажет. Мұнда келген адам табиғат аясында жайлы демалып, жақсы әсермен қайтады деп ойлаймын. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтарын келіп, осы әсем орынды өз көздерімен көруге шақырамын, – деді.
Кешенде демалыспен қатар түрлі мәдени және қоғамдық іс-шаралар өткізуге мүмкіндік бар. Амфитеатр мен арнайы алаңдар O’MIR Shymkent-ті болашақта өңірдегі жаңа іс-шаралар орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Жоба Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жаңа нысанның іске қосылуы Бадам су қоймасының туристік әлеуетін арттырып, қаладағы ішкі туризм инфрақұрылымын дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етпек.
Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
«Шымкент келбеті» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары