Шымкент: Отбасымен келіп, дауыс берді — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкент: Отбасымен келіп, дауыс берді

Бүгін – еліміз үшін маңызды әрі тарихи күн. Қазақстан тарихында алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай сайлауына Шымкент тұрғындары да белсенді қатысып, өз таңдауын жасауда. Ел өміріндегі маңызды саяси науқанға отбасымен келіп, азаматтық ұстанымын бірге білдіріп жатқан жанұялар да бар.

Абай ауданындағы №284 сайлау учаскесінде орналасқан «Жан-Нұрби» балабақшасында «Бүкіл отбасымызбен дауыс береміз» акциясы ұйымдастырылды. Бастаманың мақсаты – отбасы мүшелерінің ел өміріндегі маңызды саяси үдеріске бірге қатысып, азаматтық белсенділігін танытуына мүмкіндік беру.

№284 сайлау учаскесінде барлығы 2869 сайлаушы дауыс беруге тіркелген. Таңғы уақыттағы мәлімет бойынша, учаскеге 69 азамат келіп, өз таңдауын жасаған. Акция аясында сайлауға отбасылық династиямен келген азаматтарға арнайы сыйлықтар мен имидждік өнімдер табысталды.

Сайлауға отбасымен келген Қонарбаевтар әулетінің мүшелері де өз таңдауын жасап, азаматтық белсенділіктің отбасылық дәстүрге айналғанын көрсетті. Әулеттің негізін қалаған Қонарбаев Балтабай Ақмолдаұлы мен Сейтағзамова Қалдығыз Нығметқызы шаңырақ көтергендеріне биыл 50 жыл толып отыр. Жарты ғасырлық ғұмырында олар 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 19 немере мен 2 шөберенің қызығын көріп отырған өнегелі отбасы.

Қазіргі таңда Қонарбаевтар әулетінің мүшелері медицина, кәсіпкерлік, білім беру, шығармашылық, спорт және қоғамдық қызмет салаларында еңбек етіп, ел дамуына өз үлестерін қосып келеді. Олардың арасында жеке кәсіппен айналысып, азаматтарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер, денсаулық сақтау саласының мамандары, сондай-ақ білім беру мен шығармашылық бағытында жетістіктерге жеткен азаматтар бар.

50 жыл отбасылық өмірді бірге өткерген Қалдығыз әже үшін ұрпақ тәрбиесі мен елдің ертеңі әрдайым маңызды. Сондықтан ол сайлауға отбасы мүшелерімен бірге келуді азаматтық жауапкершіліктің бір көрінісі деп санайды.

– Отасқанымызға биыл 50 жыл. Біз әрқашан балаларымызға елге, жерге деген сүйіспеншілікті, еңбекті, жауапкершілікті үйретуге тырыстық. Бүгінгі сайлауға да отбасымызбен бірге келуіміздің себебі – балаларымыз бен немерелерімізге ел өміріне бейжай қарамау, азаматтық міндетімізді орындау керектігін өз үлгімізбен көрсету. Өз таңдауымызды жасап, ел болашағына қатысты маңызды үдеріске бірге қатысқанымызға қуаныштымын, – деді Қалдығыз әже.

Айта кетейік, №284 сайлау учаскесінде дауыс беру процесі белгіленген тәртіппен өтіп жатыр. Мұнда тұрғындар үшін қажетті жағдай жасалып, азаматтар өз таңдауын еркін білдіруде. Қонарбаевтар әулеті секілді отбасылардың сайлауға бірге қатысуы – азаматтық белсенділіктің ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын жақсы үлгісі.

x

Check Also

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...

В Шымкенте индустриальная зона «Жұлдыз» получила железнодорожную инфраструктуру

В индустриальной зоне «Жұлдыз» города Шымкент завершено строительство железнодорожного тупика, предназначенного для обслуживания расположенных здесь промышленных предприятий. С результатами выполненных ...