Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың басты мақсаты мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына бейімдеу және қоғамның барлық тобының пікірін шешім қабылдау үдерісіне кеңінен тарту. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай институтының құрылуы мен оған сайлау өткізілуі, елдің саяси жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды бастама.
Жоғары білім беру саласының өкілі ретінде бұл үдеріске ерекше мән беремін. Себебі кез келген мемлекеттің дамуы ең алдымен білімді ұрпаққа, сапалы білім беру жүйесіне және кәсіби педагогтерге байланысты. Сондықтан Құрылтайда қабылданатын шешімдер мен заңнамалық бастамалардың білім беру саласына, мұғалімдердің мәртебесіне, ғылымның дамуына және жастар саясатына оң ықпал етуі аса маңызды.
Педагог тек білім беруші маман емес, елдің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын тұлға. Бүгінгі ұстаздың кәсіби деңгейі ертеңгі мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін айқындайды. Сондықтан педагогтердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, академиялық еркіндігін кеңейту, кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасау және жас мамандарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беруі тиіс. Бұл мәселелер Құрылтай жұмысының да назарынан тыс қалмауы керек деп есептеймін.
Сонымен қатар жоғары оқу орындары қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Университеттер тек маман даярлайтын білім ордасы ғана емес, азаматтық жауапкершілігі жоғары, сыни ойлайтын, ел тағдырына бейжай қарамайтын жастарды тәрбиелейтін орта. Сондықтан студенттердің қоғамдық-саяси процестерге қызығушылығын арттыру, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру білім беру ұйымдарының маңызды міндеттерінің бірі.
Құрылтай сайлауы әр азаматтың өз ұстанымын білдіретін демократиялық мүмкіндік. Бұл еліміздің даму бағытын айқындайтын маңызды саяси науқан. Әрбір дауыс қоғамның болашағына, қабылданатын заңдарға, әлеуметтік және білім беру саясатының сапасына ықпал етеді.
Сондықтан әрбір азаматты, әсіресе ұстаздар қауымын, ғылым мен білім саласының қызметкерлерін және студент жастарды сайлауға жауапкершілікпен қарап, саналы таңдау жасауға шақырамын. Өйткені білімді қоғам қалыптастыру да, Әділетті Қазақстанды құру да белсенді азаматтық ұстанымнан басталады. Құрылтайдың табысты жұмысы мемлекетіміздің тұрақты дамуына, сапалы білім мен ғылымның өркендеуіне және келешек ұрпақтың жарқын болашағына қызмет етеді деп сенемін.
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма төрағасы-Ректоры, заң ғылымдарының докторы.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары