Ордабасыда жаңа оқу жылына мектептердің дайындығы пысықталды — Xnews — ақпарат агенттігі

Ордабасыда жаңа оқу жылына мектептердің дайындығы пысықталды

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Ильяс Тұрнияздың төрағалығымен аудан мектептерінің директорлары мен шаруашылық жұмыстарына жауапты қызметкерлердің қатысуымен жиын өтті.

Жиынның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын пысықтап, мектеп ғимараттарының санитариялық жағдайын, жүргізілген жөндеу жұмыстарын және анықталған кемшіліктердің орындалу барысын қарау.

Аудан көлемінде 141 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 77 мектеп, 61 мектепке дейінгі ұйым және 3 қосымша білім беру ұйымы бар. 77 мектептің 66-сы мемлекеттік, ал 61 балабақшаның 15-і мемлекеттік, 46-сы жекеменшік.

Жиын барысында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан зерделеу жұмыстары туралы баяндады. Биыл шілде айында аудан мектептерінің барлығына зерделеу жүргізіліп, анықталған кемшіліктердің басым бөлігі жойылғаны айтылды.

Сонымен қатар санитариялық қорытындысы рәсімделмеген бес мектептің жағдайы жеке қаралды. Ы.Алтынсарин атындағы бастауыш мектептің жаңа ғимараты бойынша құжаттарды рәсімдеу мәселесі, «Парасат», С.Ысқақов және «Төрткүлтөбе» мектептерінің жаңа ғимараттары бойынша санитариялық қорытынды алу жұмыстары пысықталды. Ал «Тың» бастауыш мектебін санитариялық талаптарға сай жаңа ғимаратқа көшіру жоспарланып отырғаны баяндалды.

Бұдан бөлек, бірқатар мектептердегі ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет ететін мәселелер қаралды. Атап айтқанда, ішкі санитариялық тораптарды жөндеу, шатыр, еден, қабырға, жылу жүйесі, электр жарығы және ғимараттардың сыртқы бөліктеріне қатысты жұмыстар талқыланды. Мүмкіндігінше мектеп басшылығы тарапынан атқарылған жұмыстар да таныстырылып, қаржыландыруды қажет ететін мәселелер бойынша тиісті жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, жоғары тұрған басқармаларға ұсынылғаны айтылды. Бірқатар мектептің реновация бағдарламасына енгізілгені де атап өтілді.

Жиын барысында мектеп директорлары мен шаруашылыққа жауапты қызметкерлер тарапынан сұрақтар қойылып, аудандық білім бөлімі тарапынан тиісті түсіндірмелер берілді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Ильяс Тұрнияз жаңа оқу жылын сапалы ұйымдастыру – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Осыған байланысты мектеп директорлары мен шаруашылық жұмыстарына жауапты қызметкерлерге анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде толық жою, жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтау және білім беру нысандарының санитариялық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету тапсырылды.

«Білім күніне дейін әр мектеп оқушыларды қабылдауға толық дайын болуы тиіс. Жауапты жұмыстардың бірде-бірі аяқсыз қалмауы керек. Әр басшы өзіне бекітілген міндеттің орындалуына жауапты», – деді Ильяс Тұрнияз.

Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы, анықталған кемшіліктердің жойылуы және берілген тапсырмалардың орындалуы тиісті сала басшыларының бақылауында болады.

Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...

Ордабасының мақтанышы – әлем чемпионатының күміс жүлдегері!

Қытай Халық Республикасының Нинбо қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Ордабасы ауданының тумасы Нұрғиса Әділетұлы күміс жүлдегер атанып, Қазақстан ...