«Ордабасы» биыл бірден екі бағытта бақ сынап жатыр. Бірі – чемпиондық атақ үшін талас болса, екіншісі – Қазақстан кубогындағы жорық. Финалға шығу үшін шымкенттіктерге бір ғана ойын қалды.
Дегенмен команда өкілдері алдағы нәтижені алдын ала болжауға асықпайды. Басты назар – кезекті кездесуге дайындықта. Спорттағы басты қағида да осы: әр ойынның өз міндеті, әр матчтың өз нәтижесі бар. Капитан Сергей Малый жанкүйерлердің қолдауы да командаға үлкен күш беретінін айтады. Әсіресе сырт алаңдағы ойындарда шымкенттік жанкүйерлер қонақ трибунасын өз алаңындай етіп, футболшыларға жігер сыйлайды. Команданы Шымкент қаласының әкімі де қолдап келеді.
Сергей Малый, «Ордабасы» ФК капитаны:
«Біз әр ойынға жеке дайындаламыз. Алдымыздағы матчқа барынша көңіл бөліп, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз. Жанкүйерлердің қолдауы біз үшін өте маңызды. Әсіресе сырт алаңдағы ойындарда шымкенттік жанкүйерлер бізге үлкен күш береді. Олар трибунадан белсенді қолдау көрсетеді. Сол үшін әр ойыннан кейін алғысымызды білдіреміз».
Команданың маусымдағы нәтижесінің артында жаттықтырушылар штабының тынымсыз еңбегі тұр. Чемпионаттағы 22 кездесуде «Ордабасы» 52 ұпай жинап, 16 рет жеңіске жетті. Төрт ойында тең түсті, екі кездесуде ғана жеңіліс тапты. Соңғы матчта шымкенттіктер «Алтайды» 3:1 есебімен ұтты. Қазақстан кубогының жартылай финалындағы алғашқы ойында да осы қарсыласынан дәл осындай есеппен басым түскен. Команда бас бапкері Андрей Мартиннің айтуынша, клуб трансферлік кезеңде сап құрамын күшейтті. Енді сол мүмкіндікті алаңда тиімді пайдаланып, алдына қойған міндеттерді орындау қажет.
Андрей Мартин, «Ордабасы» ФК бас бапкері:
Қазір бар назарымызды кубоктағы келесі ойынға аударып отырмыз. Одан кейін чемпионаттағы кездесуге дайындаламыз. Трансферлік кезеңде құрамымызды күшейттік. Қазіргі ойыншыларымызға көңіліміз толады. Ең бастысы – барлығының дені сау болып, ойынға дайын болуы. Қолымыздағы құрам алдымызға қойған міндеттерді орындауға жеткілікті деп ойлаймын.
Ендігі шешуші кездесу Қазақстан кубогының финалына жолдама тағдырын анықтайды. 19 тамызда «Ордабасы» Өскеменде «Алтаймен» жартылай финалдың қарымта ойынын өткізеді. Екінші жұпта «Қайсар» мен «Жеңіс» кездеседі. Алғашқы матчта қызылордалықтар 3:1 есебімен басым түскен. Қарымта ойын Астанада өтеді. Егер екі фаворит те алғашқы кездесудегі басымдығын сақтап қалса, финалда «Ордабасы» мен «Қайсар» кездесуі мүмкін. Алайда оған дейін шымкенттіктер маңызды бір қадам жасауы керек. Бір ойын, бір міндет, бір нәтиже. Сол кездесуде жеңіске жетсе, «Ордабасы» маусымды қос жүлдемен аяқтауға тағы бір табан жақындай түседі.
© “Otyrar” телеарнасы
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары