Шымкентте белгілі спортшылар да сайлауда белсенділік танытып жатыр. Олимпиада ойындарының чемпионы, ел мақтанышы Ермахан Ыбырайымов отбасымен бірге келіп, № 218 сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасады.
Ермахан Сағиұлы барша ел тұрғындарын, спортшылар қауымын маңызды іс-шарадан қалыс қалмауға шақырды.
– Дәл қазір Астанадан арнайы ұшып келдім. Бүгінгі саяси додада азаматтар белсенділік танытып жатыр. Халықтың көңіл-күй жақсы. Бүгінгі сайлаудың еліміздің болашағы үшін маңызы зор. Сол себепті де біз іс-шараға отбасымызбен келдік.
Жаңа Конституция қабылданды. Мінекей, жаңа Құрылтаймен еліміз одан әрі қарқынды дамиды деп сенеміз. Еліміздің дамуына әрбіріміз бірлесе атсалысайық, – деді белгілі спортшы.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы белгілі азаматқа шапан жауып, құрмет көрсетті.
Айта кетсек, № 218 сайлау учаскесінде 1239 сайлаушы тіркелген. Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Жәмила Әбдіханова қала тұрғындары белсенді екенін атап өтті.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары