Шілде айының соңы және тамыз айының басында шымкенттіктер екі бірдей әлем чемпионатының жүлдегерін салтанатты жағдайда қарсы алды. Әзербайжанның Баку қаласында өткен күрес түрлерінен U17 жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына екі палуан қатысып, екеуі де жүлдемен оралды. Шымкент қаласының халықаралық әуежайында жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Дияр Аманәліні Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жолдықараев, қалалық күрес федерациясының президенті Досжан Шалхар, спорт қауымдастығы, бапкерлер зор қошеметпен күтіп алған еді.
Шымкент қаласы спортының тарихында Дияр Аманәлі грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында алғашқы әлем чемпионы. Бұл – тарихи жетістік. 55 келі салмақта белдескен ол Грекия, Ресей, Грузия және Болгария балуандарын жеңіп, финалда Мажарстан өкілі Кеве Ковачтан басым түсті.
Жеңіс жеңіске ұласып, осы жарыста еркін күрестен Шымкент қаласының спортшысы Мардан Орынбасар жанкүйерлерін қола жүлдемен қуантты. Мардан Орынбасар жарыс барысында жоғары дайындық деңгейі мен табандылығын көрсетті. Жұбаныш белдесулерінде мүмкіндікті мүлт жібермей, Солтүстік Македония, Грузия және Израиль спортшыларын айқын басымдықпен жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болды.
Бұл нәтиже Шымкент қаласының күрес мектебінде даярланып жатқан жас спортшылардың жоғары әлеуетін көрсетеді. Жалпы, қала спортында алғашқы жартыжылдықта бірқатар жүйелі іс-шаралар атқарылып, жеңісті сәттер көп болды. Есепті кезеңде қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан жүзеге асқан жұмыстарды шолып өтсек.
Басқарманың мәліметінше, 2026 жылы жергілікті бюджеттен бұқаралық спортты дамытуға қаралған қаржыға 54 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта Шымкент қаласының дене шынықтыруды дамыту және іс-шараларды өткізу дирекциясының 31 спорт нұсқаушысы қаланың 13 саябақ пен аллеяларда қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануы үшін таңғы жаттығулар өткізуде. Бұдан бөлек, жыл басынан бері бұқарлық спортты дамыту, қала тұрғындарына салауатты өмір салтын насихаттау бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.
Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты жалпы 35 спорт ұйымы жұмыс істейді. 65 спорт түрін дамыту назарда тұр. Спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу үрдісін жүргізу үшін жалпы 1139 жаттықтырушы (штаттағы 795 жаттықтырушы) қызмет атқарады. Спорттық мекемелерде 18 554 спортшы тұрақты түрде жаттығуларға қатысуда.
Шаһарда 22 олимпиадалық, 2 олимпиадалық емес, 2 паралимпиадалық, 1 сурдлимпиадалық және 10 ұлттық спорт түрлері басым спорт түрлері болып бекітілген.
Спорт инфрақұрылымын дамыту – жеңістің бастауы
Шымкент қаласында спорттық инфрақұрылымды дамыту – тұрғындардың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасаудың негізгі тетігі. Қала аумағында қазіргі уақытта 877 спорттық нысан бар. Атап айтқанда, дене шынықтыру спорттық мәндегі нысандар – 589, білім беру ұйымдарда – 253, спорт мектептерінде – 35 (оның ішінде жекеменшік – 184).
Спорттық инфрақұрылымды дамыту үшін 2026 жылы 2 жаңа спорт нысанының құрылысы жоспарланған болатын. Атап айтқанда, бүгінде Тұран шағын ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына (жер көлемі 2,4 га) демеуші тарапынан ЖСҚ әзірленді. Ал, Базарқақпа тұрғын алабындағы стадион аумағында қосымша спорт нысан құрылысына да ЖСҚ әзірленіп, тиісті іс-шаралар атқарылды.
Биыл 2 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Қаратау ауданы, Тұран‑2 шағын ауданында сыйымдылығы 35 000 көрерменге арналған жаңа стадионның және Тұран шағын ауданындағы «Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт кешені» құрылысы басталған еді.
Қолданыстағы нысандарды сақтау және жаңарту мақсатында бірқатар нысандарда ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, қала орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерді спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жер телімдер қарастырылып, заңдастыру жұмыстары жүргізілді.
Өткен айда ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан күрес федерациясының бірлескен «Мектеп күрес лигасы» жобасы аясында №140 «Келешек» мектебінде жаңа күрес залы салтанатты түрде ашылды. Жобаның негізгі мақсаты – мектеп оқушылары арасында бұқаралық спортты дамыту, күрес түрлерін кеңінен насихаттау, балалардың спортқа қызығушылығын арттыру және еліміздің намысын қорғайтын болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жағдай жасау.
Шымкент қаласының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының бастамасымен Мектеп күрес лигасы бағдарламасы осылайша қалада алғаш рет №140 «Келешек» мектебінен бастау алды. Бұл жоба күрес түрлерін дамыту мақсатында қолға алынып отыр. Алдағы уақытта мектептер арасында жарыс ұйымдастырылып, олардың арасынан болашақ Әлем чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлері шығады деген сенім бар.
Қазіргі уақытта шаһарда балалар күресі қарқынды дамып жатыр. Мектеп оқушылары арасында күрес лигалары, көптеген сайыстар өтіп жатқаны мәлім. Ендігі ретте жаңа күрес залы да балалар арасында күрес түрлерін дамытуға зор серпін бермек. Осындай спорттық инфрақұрылымды дамыту аясындағы жұмыстардың нәтижесінде Дияр Аманәлі, Мардан Орынбасар сынды әлем чемпионатының жүлдегерлері шыққанын айта кеткен жөн. Ендігі ретте барлық спорт түрлерін дамытуда осындай жобалар көптеп қолға алынса, оң нәтижесі болары анық.
Әлем чемпионаттарынан – 9 алтын, 5 күміс, 4 қола
2026 жылдың 6 айында қала спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 429 алтын, 389 күміс, 424 қола медаль жеңіп алды. Жалпы 1242 медаль (ҚР Кубоктарында 37 алтын, 37 күміс, 30 қола).
Азия чемпионаттарында қала спортшылары 33 алтын, 49 күміс және 23 қолаға қол жеткізсе, (кубоктарында 11 алтын, 10 күміс және 5 қола медаль), осы уақыт аралығында Әлем чемпионаттарында 9 алтын және 5 күміс, 4 қола (Әлем кубоктарында 19 алтын, 11 күміс және 8 қола) медальге ие болды.
2026 жылдың 6 айының қорытындысында халықаралық дәрежедегі 11 спорт шебері, Қазақстан Республикасының 67 спорт шебері, 334 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.
ҚР Ұлттық командасының ересектер құрамасына шаһардан – 440, жастар құрамасына – 407, жасөспірімдер құрамасына 377 спортшы енген. Жалпы 1224 спортшы Ұлттық команда сапында еліміздің намысын қорғайды.
Осы орайда, басты жеңісті сәттерді еске алсақ. 2026 жылдың 8-10 мамыр аралығында Астана қаласында дзюдодан «Қазақстан Барысы» Гранд Слам халықаралық рейтингтік турнирінде 100 келіге дейінгі салмақта Марат Байқамұров 1-орын жеңіп алса, 60 келіде Талғат Орынбасар 2-орыннан көрінді. Сондай-ақ, 11-12 мамыр аралығында пара дзюдодан 70 келіде өнер көрсеткен Ибрагим Нұрмаханұлы J2 санаты бойынша Grand Prix Astana 2026 турнирінің жеңімпазы атанды. Фристайл акробатикадан жасөспірімдер мен жастар асындағы әлем чемпионатынан 1 алтын, 1 күміс, шахматтан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан 2 алтын, 1 қола медаль, джиу-джитсудан барлық жас ерекшеліктері аарсындағы әлем чемпионатынан 4 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль қоржынға түскен еді. Одан бөлек, нысана көздеуден, теңге ілуден стенд атудан әлемдік сайыста да қала спортшылары жеңістің биік сатысынан көрінді.
Алда жауапты жарыстар бар. Биыл қыркүйек айында Бішкек қаласында (Қырғызстан) VI Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары өтеді. Еліміздің Ұлттық құрама команда сапында Шымкент қаласының өкілдері де бақ сынамақ. Атап айтсақ, асық ату (2 спортшы), теңге ілу (1 спортшы), қазақ күресі (2 спортшы), тоғызқұмалақ (3 спортшы), аударыспақ (1 спортшы), көк бөрі (2 спортшы), көкпар (1 спортшы) және дәстүрлі садақ атудан (2 спортшы) спортшылар жүлделі орындарға таласпақ.
Жазғы Азия ойындары қыр астында тұр
Еліміз үшін 2026 жылдың басты бәсекесі – 4 жылда бір рет өтетін жазғы Азия ойындары. 2026 жылғы 19 қыркүйек – 4 қазан аралығында Аичи және Нагоя (Жапония) қалаларында өтетін кезекті маңызды доданың басталуына санаулы уақыт қалды. Бүгінде ел спортшылары соңғы дайындықтарын пысықтап, әр спорт түрінен ұлттық құрама жасақталуда. Жарыс бағдарламасына 68 дисциплинаны қамтитын 41 спорт түрі кірген. Спортшылар жалпы 460 медаль жиынтығын сарапқа салады. Жазғы Азия ойындарына Шымкент қаласынан 20 спорт түрінен 50-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.
Әрине, ел үміт күтен тәжірибелі саңлақтарымыз бар. Бокстан әлем чемпиондары Махмұд және Төрехан Сабырхан, күрес түрлерінде Мейіржан Шермаханбет, Ернұр Фидахметов, Начын Куулар, дзюдодан Марат Байқамұров, каратэден Софья Берульцева, таэквондодан Самирхон Абабакиров пен Нодира Ахмедова және басқа да спорт үздіктеріне сенім артылып отыр.
Сонымен қатар, нысана көздеу, байдарка мен каноэде есу, спорттық гимнастика, семсерлесу, жүзу, стенд ату, кураш, ауыр атлетика, құзға өрмелеуден де ұлттық құрамаға кіретін өрендеріміз бар.
Кезекті жазғы Азия ойындарының басталуына 1 айдан сәл ғана астам уақыт қалды. Бұл жолы да қала спортшылары тарихи жеңіске жетіп, жүлделі орындармен елге қайтады деп сенеміз.
Жеңісті дәстүр үзілмеуі тиіс. Естеріңізде болса, өткен Азия ойындарында абырой биігінен көрінген едік. Қытай елінің Ханчжоу қаласында өткен Азия Ойындарына елімізден 525 спортшы қатысса (30 спорт түрінен), соның ішінде Шымкент қаласынан 66 спортшы жүлддеге таласты. Нәтижесінде, ел құрамасы 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль иеленсе, оның ішінде Шымкент қаласының спортшылары 5 алтын, 10 күміс, 11 қола медаль жеңіп алды.
Қала спортшыларының кезекті жазғы Азия ойындарында алтын жүлделелерді иеленуіне барлық әлеуеті бар. Бұл мақсатта қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Біз жерлестерімізге жауапты сайыста сәттілік тілейміз.
Ә.АЙТӨРЕ
«Шымкент келбеті» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары