Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бөлім қызметінің нәтижесінде жаңа инвестициялық жобалар іске асырылып, экспортқа бағытталған кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Есепті кезеңде 36 инвестициялық жобаға адресті сүйемелдеу көрсетіліп, 289 жоба бойынша верификация жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар мақта өсіру және өңдеу, арнайы техника өндірісі, битум өндіру, логистика және жаңартылатын энергия көздері бағытындағы бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Сондай-ақ бөлімнің сүйемелдеуіне жаңадан «Шәдібек Ата» шаруа қожалығының мал сою бекеті мен «Қарқын Трейд» ЖШС-нің бройлер құс фабрикасы қабылданды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің өсу қарқыны бойынша Түркістан облысы 50,5 пайыздық өсіммен республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне қол жеткізді.
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Есепті кезеңде Қазақстандағы Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиер Ибрагимовтың қатысуымен Өңдеу өнеркәсібі салалық кеңесінің отырысы ұйымдастырылып, экспорттаушылар көтерген өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар Қырғыз Республикасының ресми делегациясының сапары ұйымдастырылып, өңірдің өндірістік және инвестициялық әлеуеті таныстырылды.
Бұдан бөлек, Түркия және Қытай елдерінің инвесторларымен жылыжай кешенін салу, құлпынай өсіру, дрон өндірісі және ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу бағытындағы жобалар бойынша келіссөздер жалғасуда.
Өңірдің экспорттық әлеуетін дамыту да бөлім жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Қазіргі таңда Түркістан облысы республикадағы мақта талшығы мен мақта майының басым бөлігін, трансформаторлардың 98,6 пайызын және фармацевтикалық препараттардың 70,1 пайызын өндіретін жетекші өңірлердің қатарында.
Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану мақсатында экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, «Nurym Group», «Қарқын-2030» және «Turkestan Agro.kz» кәсіпорындары экспорттаушылар тізіліміне енгізіліп, мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалану бойынша сүйемелденуде. Сонымен қатар «Cotton Мақта» және «Глобал Текстиль Түркістан» ЖШС-лері отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілсе, «BASPOLYMER» ЖШС экспорттық қызметін кеңейту үшін қажетті сертификаттау және тіркеу рәсімдерінен өтті.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гүлназ Есетованың айтуынша, бүгінде өңірде инвесторларға қолайлы орта қалыптастырумен қатар, өндірісті дамыту және экспорт көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде.
«Біздің негізгі мақсатымыз – Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, өңірде өндірілетін өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейту және экспорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтеру. Біз әрбір инвестициялық жобаны іске асыру кезеңінде жан-жақты сүйемелдеп, кәсіпкерлердің туындайтын мәселелерін мемлекеттік органдармен бірлесіп шешуге күш саламыз. Бұл өңір экономикасының тұрақты дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықаралық нарықтағы позициямыздың нығаюына мүмкіндік береді», – деді бөлім басшысы Гүлназ Есетова.
Алдағы уақытта да Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы өңірге инвестиция тарту, халықаралық әріптестікті кеңейту және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары