Шымкентте тегін шығармашылық шеберлік сағаттары басталды — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкентте тегін шығармашылық шеберлік сағаттары басталды

Шымкентте ресми тіркелген жұмыссыз азаматтарға арналған алғашқы тегін шығармашылық шеберлік сағаты өтті. Креативті хабта ұйымдастырылған шара барысында қатысушылар құрақ құрау өнерін меңгеріп, болашақта өз кәсібін ашуға негіз болатын тәжірибелік дағдыларды игерді.

Қайырымдылық негізде ұйымдастырылған шеберлік сағатында қатысушылар жаңа кәсіпті меңгеріп, шығармашылық қабілетті дамытуға , сондай-ақ, жеке ісін бастауға мүмкіндік туды. Осындай игі бастама барысында олар құрақ құрау өнерінің қыр-сырын меңгеріп, тәжірибелі шеберлердің жетекшілігімен өз қолдарымен алғашқы бұйымдарын жасап шығарды.

Айжан Азимбаева, қатысушы:
«Мұнда түрлі бағыттағы шеберлік сағаттары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бүгін велюр матасынан ойыншық жасау бойынша сабақ өтіп жатыр. Оны өз ісінің білікті маманы Айжан жүргізуде. Барлық қажетті материалдар тегін ұсынылады. Осындай жастықтар мен түрлі сәндік бұйымдарды жасауды үйренуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар Айжан тігін және пішу курстарын да өткізеді. Егер тігін тігуді, киім пішуді үйренгіңіз келсе, осы курстарға қатыса аласыз».

Алғашқы шеберлік сағаты, игі бастаманың алғашқы қадамы ғана. Алдағы уақытта Шымкенттің креативті индустрия өкілдері сәндік-қолданбалы өнер, дизайн, қолөнер және басқа да сұранысқа ие бағыттар бойынша тегін шығармашылық сабақтарын өткізуді жалғастырады.

Жанна Елтанова, Шымкент қаласы креативті индустриясының өңірлік үйлестірушісі:
«Бүгін Жұмыспен қамту орталығымен жасалған меморандум аясында ресми тіркелген жұмыссыз әйелдерге арналған алғашқы шеберлік сағатын өткізіп отырмыз. Мұндай қайырымдылық сабақтарын ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – көпбалалы әрі тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ әйелдерге қолдау көрсету. Сабақ барысында қатысушыларға құрақ матадан ойыншық жасауды үйретеміз. Әрбір ананың баласына ойыншық сатып алуға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан біз оларды ойыншықты өз қолымен жасап, отбасы қажетіне жарата білуге үйретеміз».

Шымкент қаласының Креативті индустрия қауымдастығы алдағы уақытта да креативті экономиканы дамытуға, тұрғындардың шығармашылық әлеуетін арттыруға және жаңа кәсіп түрлерін меңгеруге мүмкіндік беретін әлеуметтік бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыра бермек.

© “Otyrar” телеарнасы

x

Check Also

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...