Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының қабылдануына орай қабылданған Рақымшылық туралы заңға сәйкес, жеке тұлғалардың Заң қолданысқа енгізілген күнге (02.07.2026ж.) дейін төленбеген әкімшілік айыппұлдары есептен шығарылды,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласының прокуратурасынА сілтеме жасап.
Рақымшылық – бір реттік ізгілік шарасы болып табылады және болашақта жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды.
Сонымен қатар, заңның ережелері соттар қарайтын құқық бұзушылықтарға, сондай-ақ заңнамада тікелей көрсетілген өзге де санаттарға қолданылмайды.
Шымкент қаласында әкімшілік жазаларды орындау 106,9 мың іс бойынша 55 мыңнан астам азаматқа қатысты тоқтатылды.
Күші жойылған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеден асты.
Рақымшылықты іске асыру прокуратура органдарының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы нәтижесінде қамтамасыз етілді. Ақпараттық жүйелердің интеграциясы мен мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуының нәтижесінде барлық қажетті рәсімдер азаматтардың қатысуынсыз жүзеге асырылды.
Рақымшылықты қолдану үшін азаматтарға мемлекеттік органдарға жүгіну, өтініш беру немесе қосымша құжаттар ұсыну талап етілмеді.
Мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде заңның талаптары қысқа мерзімде іске асырылып, қолданыстағы заңнама аясында азаматтардың құқықтарының сақталуы қамтамасыз етілді.
Еске салсақ, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 1 шілдедегі № 329-VIII «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Қабылданған заң қылмыстық рақымшылық жасау және еліміздің тарихындағы алғашқы әкімшілік рақымшылықты қамтитын кешенді рақымшылық жасауды жүргізуді көздейді. Құжат ізгілік қағидаттарын іске асыруға, мемлекеттің құқықтық саясатын жетілдіруге, сондай-ақ қоғамдық мүдделерді қорғау мен азаматтардың құқықтарын сақтаудың теңгерімін қамтамасыз етуге бағытталған. Қылмыстық рақымшылық жасау заңда белгіленген адамдардың жекелеген санаттарына қолданылады және оларды қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босатуды, сондай-ақ заңда көзделген жағдайларда жаза мерзімін қысқартуды көздейді.
Қазақстан Республикасының тарихында алғаш рет заңда әкімшілік рақымшылық жасауда көзделіп отыр. Ол заңнамада тікелей белгіленген жағдайларды қоспағанда, жекелеген әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша адамдардың белгілі бір санаттарын әкімшілік жауаптылықтан босатуды қарастырады. Заңды іске асыру оның талаптары мен белгіленген рәсімдеріне қатаң сәйкестікте жүзеге асырылатын болады. Рақымшылық жасауды қолдану туралы шешімдер заңнама талаптары мен әрбір істің нақты мән-жайларын ескере отырып, уәкілетті мемлекеттік органдармен қабылданады. Аталған заңның қабылдануы Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесін дамытудағы маңызды кезең болып табылады және мемлекеттің әділеттілік, ізгілік және заң үстемдігі қағидаттарын одан әрі нығайтуға бағытталған бағытын айқындайды.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары