Азаматтардың интернет-алаяқтықтан сақтану деңгейін арттыру және құқықтық сауаттылығын күшейту мақсатында Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері аудан аумағында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында тұрғындарға интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың кең таралған түрлері, күмәнді сілтемелер мен жалған хабарламалардан қорғану жолдары, жеке деректер мен банк картасы мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар, азаматтарға белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға сақтықпен қарау, күмәнді интернет-сайттар арқылы қаржылық операциялар жасамау және алаяқтық белгілері анықталған жағдайда дереу полиция органдарына хабарласу жөнінде ұсыныстар берілді.
Еңбекші ауданы Полиция басқармасы тұрғындарды қырағылық танытуға және жеке деректердің қауіпсіздігін сақтауға шақырады.
Xnews: Соңғы жылдары елімізде алаяқтық қылмыстарының саны артып барады. Алаяқтыққа – алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкін ұрлау немесе бөтеннің мүлкіне құқықтық иемдену қылмыстары жатады. Бүгінгі таңда кең таралып жатқан алаяқтықтың өте қауіптісі – ол интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Ғаламтордағы әккілер әсіресе әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отыр. Күн сайын ғаламтор немесе әлеуметтік желіде алаяқтықтың түрлі жолдары пайда болып, халықты сан соқтыруда. Сондықтан үнемі алаяқтықтың алдын алу жолдарымен халықты құлақтандырып отыру парыз.
Қазіргі таңда алаяқтық қылмыстарының алдын алу үшін елімізде түрлі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Интернет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», деді. Президенттің өзі бұл мәселеге назар аударғанына қарап ақ елімізде алаяқтық қылмыстарының қалай кең тарап кеткенін бағамдауға болады.
Мысалы, Украинада отырып, Қазақстандықтарды алдаған алаяқтар ұсталды. Алаяқтар өздерін банк қызметкерлері, байланыс операторлары, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдері ретінде таныстырып, азаматтарды қауіпті қосымшаларды орнатуға көндірген. Смартфондарға қол жеткізгеннен кейін олар жәбірленушілердің ақша қаражатын және жеке деректерін ұрлап отырған. Халықаралық операция аясында сегіз санкцияланған тінту жүргізілді. Екі элиталық автокөлік, 26 компьютер, 49 мобильді құрылғы, сондай-ақ психологиялық ықпал етуге арналған нұсқаулық материалдар мен Қазақстанның символикасы тәркіленді.
#заңментәртіп
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары