2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Түркістан облысына 143 100 турист саяхаттап келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,6 пайызға артық. Саяхатшылардың 77,8 пайызы – отандық туристер болса, 22,2 пайызын шетелдік қонақтар құрайды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында баяндалды. Сондай-ақ жиын барысында жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен негізгі көрсеткіштері сараланып, алдағы жобалар таныстырылды.
Жиында облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы туризм саласы өңір экономикасының негізгі драйверлерінің бірі екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
– Туристік нысандардағы сервистік қызмет сапасын арттыруды, туристік бағыттарды әртараптандыруды, гидтерді даярлау және қайта даярлау жұмыстарын күшейтуді, инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыруды тапсырамын. Сонымен қатар халықаралық және ішкі туристер ағынын ұлғайту мақсатында өңірдің туристік әлеуетін шетелдік және отандық нарықтарда кеңінен насихаттау, цифрлық платформалар арқылы жарнамалық жұмыстарды жандандыру қажет, – деді облыс әкімі.
Жиында «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының директоры Асқар Абубакировтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, жыл басынан бері Түркістан облысына 31 823 шетелдік турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,2 пайызға жоғары. Шетелдік қонақтардың басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Франция, Германия, Ұлыбритания, Жапония және Оңтүстік Корея мемлекеттерінен келген. Бұл Түркістан облысының халықаралық туристік бағыт ретіндегі тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Түркістан халықаралық әуежайы арқылы бүгінде 9 бағыт бойынша тұрақты әуе қатынасы жүзеге асырылуда. Оның ішінде 7 бағыт – ішкі, 2 бағыт – халықаралық рейстер.
Бүгінде Түркістан облысында туризмді дамыту бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып, жаңа бастамалар қолға алынуда. Нәтижесінде өңірдің туристік әлеуеті артып, Түркістан халықаралық деңгейдегі тартымды туристік орталық ретінде дамуын жалғастыруда.
Түркістан қаласы әкімінің баспасөз-қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары