ҚР Оқу-ағарту министрлігі 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздегі ең үздік мектептердің рейтингін жариялады. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың нәтижелері негізінде жасалған тізімге еліміз бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген 114 білім беру ұйымы енген,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы республикалық олимпиада еліміздің алты өңірінде ұйымдастырылып, оған 676 мектептен 1636 оқушы қатысты. Білім сайысында оқушылар өздерінің терең білімін, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетті.
Рейтинг арнайы бағалау жүйесі арқылы жасалды. Атап айтқанда, алтын медаль үшін – 3 ұпай, күміс медальға – 2 ұпай, ал қола медаль үшін 1 ұпай берілді.
Қазақстанның ең үздік 100 мектебі қатарына Шымкент қаласының алты білім беру ұйымы еніп отыр:
• «Білім-Инновация» ер балаларға арналған №1 лицей-интернаты;
• Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернаты;
• З.Хусанов атындағы №110 орта мектеп;
• Айбек атындағы №14 орта мектеп;
• А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия;
• Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия.
Бұл көрсеткіш Шымкент қаласындағы білім беру ұйымдарының олимпиадалық даярлық бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын және оқушылардың республикалық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын көрсетеді.
Айта кетейік, өткен 2024-2025 оқу жылында Шымкент қаласынан бес мектеп үздіктер қатарынан көрінген болатын. Ал биыл бұл көрсеткіш алты мектепке жетіп, қала білім беру ұйымдарының жетістігі тағы бір сатыға көтерілді.
Анықтама
Қазақстанның ірі мегаполистері (Алматы, Астана, Шымкент) олимпиадалық нәтижелері, халықаралық стандарттары және сапалық көрсеткіштері бойынша еліміздегі ең үздік білім беру ұйымдарының шоғырлану орталығы болып табылады.
Ал, Қазақстан білім беру саласында елеулі нәтижеге қол жеткізіп, Insider Global Education Index рейтингінде 18-орынға көтерілді. Ел 0,092 балл жинап, халықаралық деңгейде ықпалдасқан және тұрақты дамып келе жатқан білім беру жүйелері бар мемлекеттердің қатарына енді. Топ-20 ішіндегі бұл көрсеткіш саланың жүйелі жаңғырып жатқанын және Қазақстанның жаһандық білім кеңістігіндегі ықпалы артып келе жатқанын аңғартады.
Аталған рейтинг үш негізгі көрсеткішке негізделген. Олар – QS Top 1000 тізіміндегі университеттердің үлесі, олардың орташа позициясы және білім беру саласына салынатын мемлекеттік инвестиция деңгейі. Бұл факторлар кадр даярлау сапасына, ғылыми базаға және жоғары оқу орындарының халықаралық ықпалдасуына тікелей әсер етеді.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары