Шымкенттік семсерлесуші — Азия чемпионы! — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкенттік семсерлесуші — Азия чемпионы!

Үндістанның Дели қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстанның ерлер құрамасы алтын медаль жеңіп алды. Чемпиондар қатарында шымкенттік спортшы Никита Жулинский де бар.

Ерлік Сертай, Никита Жулинский, Вадим Шарлаимов және Кирилл Проходовтан құралған ұлттық құрама жарыс барысында Иранды (45:27), Өзбекстанды (45:37), Оңтүстік Кореяны (45:33) жеңіп, финалда әлемдік рейтингте 2-орында тұрған Жапонияны 45:40 есебімен тізе бүктірді. Осылайша Қазақстан құрамасының қоржынында төрт медаль бар. Бұған дейін Ирина Бакалдина жекелей шпага сайысында алтын жүлде жеңіп алса, Руслан Курбанов қола медаль иеленген еді. Сондай-ақ ерлер арасындағы командалық қылыш сайысында Қазақстан құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Жапония құрамалары соңғы төрт жыл қатарынан Азия чемпионатының финалында кездесіп келеді. Биыл қазақстандық семсерлесушілер азулы қарсыласынан басым түсіп, құрлық чемпионы атанып отыр.

Қосымша ақпарат. «Dknews.kz» сайтынан алынды.

Мемлекеттік жаттықтырушы жеңістің маңызын атап өтті
Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Тимур Байтасов бұл жетістіктің ерекше мәнге ие екенін айтты.

«Қазақстанның ерлер құрамасы халықаралық аренада жылдар бойы тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Біздің басты қарсыластарымыздың бірі әрдайым Жапония құрамасы болды. Олармен кездесулер ешқашан оңай өткен емес. Бұл жолы алтын медальді жаңарған құраманың жеңіп алғаны ерекше қуантады. Жас спортшылар жоғары шеберлік деңгейін, мықты мінез бен жеңіске деген зор жігерін көрсетті. Олар турнирдің барлық кезеңінен абыроймен өтіп, Азия чемпионы атанды. Бұл – қазақстандық семсерлесу тарихындағы үлкен жетістік. Спортшыларды, бапкерлер құрамын және жанкүйерлерді жеңіспен құттықтаймын».

Жеңіске жеткізген тактика
Ұлттық құраманың бас бапкері Александр Горбачуктың айтуынша, алтын медаль жүйелі дайындық пен дұрыс тактиканың нәтижесі болды.

«Алтын медаль – өте жоғары нәтиже. Біз әлемдік рейтингте алдыңғы орындарда тұрған, соңғы жылдары Қазақстан құрамасына көп қиындық туғызған Жапония командасын жеңдік. Сондықтан бұл жеңісті де, жігіттердің өнерін де жоғары бағалаймын».

Маман спортшылардың өзара үйлесімін үнемі жетілдіру жеңістің негізгі факторларының бірі болғанын атап өтті.

«Біз әр спортшының ерекшелігін зерттеп, түрлі жағдайда кімнің тиімді екенін анықтаймыз. Маусым барысында немесе жарыс кезінде кейбір спортшылардың рөлі өзгеріп жататыны содан. Бұл кездейсоқ шешім емес, алдын ала ойластырылған стратегияның бір бөлігі».

Никита Жулинский үшін алғашқы Азия алтыны
Нью-Делидегі чемпионат Никита Жулинский үшін ересектер арасындағы алғашқы Азия біріншілігі болды.

«Бұл менің алғашқы Азия чемпионатым. Бұған дейін тек әлем кубогы кезеңдерінде ғана өнер көрсеткенмін. Сондықтан бұл жеңістің эмоциясын сөзбен жеткізу қиын. Командалық жарыста ешкім жалғыз өзі жеңіске жете алмайды. Әр спортшы тек өзі үшін емес, бүкіл команда үшін күреседі. Бізді соңына дейін алға жетелеген де осы жауапкершілік болды. Бұл медальдің артында жылдар бойғы еңбек пен жаттығу жатыр. Сондықтан Азия чемпионы атанғанымызға ерекше қуаныштымын».

«Біз жеңеміз деп емес, күресеміз деп шықтық»
Олимпиада қатысушысы Ерлік Сертай финал алдындағы команданың көңіл күйі туралы айтты.

«Эмоциямызды сөзбен жеткізу қиын. Біз өте қуаныштымыз. Финал алдында өзара сөйлесіп, қарсыластың өте мықты екенін жақсы түсіндік. Бірақ алтын медаль немесе есеп туралы ойламауға келістік. Басты мақсат – әр ұпай үшін күресу және өз мүмкіндігімізді толық көрсету болды. Сол көзқарас жеңіске жеткізді деп ойлаймын. Біз бір-бірімізді қолдап, соңына дейін шайқастық. Әр спортшының бұл нәтижеге қосқан үлесі зор».

Алда әлем чемпионаты мен Азия ойындары
Азия чемпионатындағы жеңістен кейін Қазақстан құрамасы жаңа мақсаттарға дайындықты бастайды.

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...