Шымкент қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан топтың заңсыз әрекетін тоқтатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаскөйлер WhatsApp мессенджері арқылы кең таралған алаяқтық схеманы қолданған. Олар азаматтарға туысы, досы немесе жақын танысы болып хабарласып, түрлі сылтаумен шұғыл түрде ақша аударуды сұраған. Алданған тұрғындар көрсетілген шоттарға қаражат жіберіп отырған. Жәбірленушілердің бірі – жергілікті тұрғын. Ол өзіне досының атынан шұғыл қаржылай көмек сұраған хабарлама келгеннен кейін, еш күмәнданбастан көрсетілген есепшотқа 3,5 миллион теңге аударған. Кейін алаяқтықтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер алты күдіктіні анықтады. Тінту барысында жалдамалы пәтерден қылмыс жасау кезінде пайдаланылған 19 SIM-карта, 11 телефон және планшет тәркіленді.
Қазіргі уақытта күдіктілердің Астана мен Шымкент қалаларында жасалған екі алаяқтық дерегіне қатысы бары анықталды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 7,5 млн теңге. Сондай-ақ олардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Үш күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері жалғасуда.
Xnews: Соңғы жылдары елімізде алаяқтық қылмыстарының саны артып барады. Алаяқтыққа – алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкін ұрлау немесе бөтеннің мүлкіне құқықтық иемдену қылмыстары жатады. Бүгінгі таңда кең таралып жатқан алаяқтықтың өте қауіптісі – ол интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Ғаламтордағы әккілер әсіресе әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отыр. Күн сайын ғаламтор немесе әлеуметтік желіде алаяқтықтың түрлі жолдары пайда болып, халықты сан соқтыруда. Сондықтан үнемі алаяқтықтың алдын алу жолдарымен халықты құлақтандырып отыру парыз.
Қазіргі таңда алаяқтық қылмыстарының алдын алу үшін елімізде түрлі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Интернет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», деді. Президенттің өзі бұл мәселеге назар аударғанына қарап ақ елімізде алаяқтық қылмыстарының қалай кең тарап кеткенін бағамдауға болады.
Мысалы, Украинада отырып, Қазақстандықтарды алдаған алаяқтар ұсталды. Алаяқтар өздерін банк қызметкерлері, байланыс операторлары, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдері ретінде таныстырып, азаматтарды қауіпті қосымшаларды орнатуға көндірген. Смартфондарға қол жеткізгеннен кейін олар жәбірленушілердің ақша қаражатын және жеке деректерін ұрлап отырған. Халықаралық операция аясында сегіз санкцияланған тінту жүргізілді. Екі элиталық автокөлік, 26 компьютер, 49 мобильді құрылғы, сондай-ақ психологиялық ықпал етуге арналған нұсқаулық материалдар мен Қазақстанның символикасы тәркіленді.
#заңментәртіп
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары