Шымкентте бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілуде — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкентте бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілуде

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласында спорт және дене шынықтыру саласында атқарылған жұмыстар, қол жеткізілген жетістіктер мен алдағы жоспарлар таныстырылды.

Биыл бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта 54 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізу жоспарланған. Сонымен қатар қаладағы 13 саябақ пен аллеяда спорт нұсқаушылары тұрғындарға күнделікті таңғы жаттығулар ұйымдастырып келеді.

Қазіргі таңда қалада 35 спорт ұйымы жұмыс істеп, спорттың 65 түрі дамытылуда. Спорт мекемелерінде 16 мыңнан астам спортшы тұрақты түрде жаттығып, 1121 жаттықтырушы қызмет көрсетуде.

Шымкентте спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қалада жалпы саны 877 спорт нысаны бар. Биыл Қаратау ауданындағы Тұран шағынауданында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу және Базар қақпа тұрғын алабындағы стадион аумағын кеңейту жоспарланған. Сонымен қатар 35 мың көрерменге арналған жаңа стадион мен паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт кешенінің құрылысы жалғасуда.

Спорт нысандарын жаңарту бағытында да бірқатар жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, «Мұз сарайы», Локомотив стадионы және басқа да спорттық нысандарда жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Брифинг барысында шалғай елді мекендерде жаңа спорт нысандарын салу үшін жер телімдері заңдастырылғаны айтылды. Бұл бастамалар тұрғындардың спортпен жүйелі айналысуына мүмкіндік беріп, қаланың спорттық әлеуетін одан әрі арттыруға жол ашады.

Толығырақ: https://youtube.com/live/SAUCsKTmOdw

#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ

Еске салсақ, Мемлекет басшысы спорт туралы сөйлеген сөзінде: «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын», деген болатын.

Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес Қазақстанда 25 мыңнан астам спорт нысаны тіркелген. Барлық қабылданып жатқан іс-шаралардың мақсаты – чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелеу мен ұлт денсаулығын нығайтуда қабілеті тұрақты, тиімді және баршаға қолжетімді спорт жүйесін құру.

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...