Еркін күрестен U17 жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жерлесіміз күміс жүлдегер атанған еді. Бүгін Шымкент халықаралық әуежайынан Мардан Орынбасарды №10 спорт мектебінің басшылығы, жаттықтырушылар, жерлестері қошеметпен күтіп алды.
27–31 мамыр күндері Вьетнамның Дананг қаласында өткен құрлық додасында Мардан Орынбасар еркін күрестен 60 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионатының күміс жүлдесін иеленді. Байрақты бәсекеде Азияның үздік жас спортшылары бақ сынап, жоғары деңгейдегі тартысты белдесулер өткізді. Жерлесіміз финалға дейін сүрінбей жетті.
Осылайша шаһарда күрес түрлеріндегі жеңісті дәстүр жалғасын тауып отыр. Іс-шарада жас балуан мұнымен тоқтамайтынын, алдағы әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалатынын атап өтті. Біз жерлесімізге сәттілік тілейміз.
Еске салсақ. грек-рим күресінен еліміздің құрамасы (2 алтын +1 күміс + 2 қола) жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді. Жас өрендер Иранды (6 + 1 + 1) ғана алға жіберді. Өзбекстан мен Қырғызстан (1 + 3 + 4) үшінші, төртінші орындарды өзара бөлісті. Балуандарымыздың арасынан Қуанышбек Жаңажол (51 кг) мен Мирас Махамбетке (65 кг) тең келер ешкім табылмады. Бұл –Қуанышбектің Азия чемпионатындағы үшінші алтыны. Осыған дейін ол Таиланд пен Вьетнамда топ жарған. Сондай-ақ былтыр Грекияда барлық қарсыласын еркін жеңіп, әлем чемпионы атанды. Арыстан Темірғали (110 кг) күміс, Әли Алмас (45 кг) пен Датка Лесбек (48 кг) қола медальға қол жеткізді. Тағы төрт жерлесіміз жеңіс тұғырына сынық сүйем қалғанда сүрініп, бесінші орынды қанағат тұтты.
Қыздар жарысында Інжу Баққожа (46 кг) мен Арайлым Көпжасар (53 кг) финалға дейін еш кедергісіз жетті. Бірақ шешуші тұста екеуі де жапондардан ұтылды. Інжу Мио Сасакиге жол берсе, Арайлым Ема Аракавадан айласын асыра алмады. Аянат Мейнамбайға (49 кг) қола медаль бұйырды. Бұрымдылар бәсекесінде Қытай (4 + 1 + 1), Жапония (3 +1 + 3), Үндістан (2 + 3 + 5) үздік шықты. Еліміздің құрамасы (0 + 2 + 1) алтыншы сатыға тұрақтады.
Еркін күрес шеберлерінің сайысында 16 жасар Әділет Рысбай (71 кг) бас жүлдені жеңіп алды. Ол оңтүстіккореялық Сео Джунмин (11:0), қырғызстандық Буйвайсар Мамишаев (11:3), тәжікстандық Ыдырыс Бахромов (10:0), жапониялық Това Дойды (8:1) айқын басымдықпен ұтты. Мардан Орынбасар (60 кг) күміс, Сабыржан Рахатов (51 кг), Темірлан Мұрат (55 кг), Әділбек Ерболатов (80 кг), Нұрислам Айтуған (92 кг) қола медаль алды. Осы көрсеткішпен жерлестеріміз (1 + 1 + 4) бесінші орынға табан тіреді. Алғашқы үш орынды Иран (4 + 2 + 2), Үндістан (2 + 2 + 3), Өзбекстан (2 + 2 + 2) олжалады.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары