Қала күні мерекесін тойлау аясындағы мәдени іс-шаралар легі Шымкентте басталып кетті. Мереке қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтарына рухани кеш сыйлаған «САЗ ТЕРБЕГЕН ШЫМКЕНТ» атты шығармашылық концерт өтті.
Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрының сахнасында ұйымдастырылған кеш ұлттық өнердің терең тамырын дәріптеді. Кешке қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналып, қазақ музыкасының інжу-маржандарымен қатар әлемдік классика туындыларының ұлттық аспаптар сүйемелдеуіндегі тың өнерді тамашалады. Концертті «Шымкент концерт» концерттік ұйымының Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі ұсынды. Шығармашылық кештің шымылдығы композитор Бақытжан Көбенғалиевтің «Мерекелік увертюрасы» шығармасымен түрілді. Әуелеген әуен мен оркестрдің үйлесімді орындауы көрерменді бірден өнер әлеміне жетелеп, кештің жоғары деңгейде өтетінін аңғартты.
Күй өнерінің алтын қорына енген Сүгірдің «Қаратау шертпесі» мен «Мың жылқысы», Тәттімбеттің «Азамат қожасы», Құрманғазының өр рухты «Сарыарқа» күйлері орындалды. Әсіресе домбыра үнінің оркестрлік кең тыныспен астасуы тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.
Кеш барысында дәстүрлі ән өнерінің де көркі ашылды. Оразәлі Жаңабаев, Мағжан Әльтенбаев, Тұрар Әлменов және Алмасқожа Мұзаппаров сынды талантты әншілер орындаған «Тәлімнің термесі», «Гәкку», «Желдірме», «Көкшолақ» әндері көрерменнің зор қошеметіне ие болды. Ән мен күй үндескен сәттер ұлттық мәдениеттің байлығын айшықтап, залды ерекше әсерге бөледі. Концерттің тағы бір ерекшелігі әлемдік классикалық шығармалардың қазақ ұлт аспаптарының сүйемелдеуімен орындалуы болды. Гаэтано Доницеттидің «Линданың кавантинасы», Джордж Бизенің «Смитаның серенадасы», Петр Чайковскийдің «Орыс биі» көрерменге жаңа музыкалық әсер сыйлады. Ұлттық және әлемдік өнердің тоғысуы кештің мазмұнын байыта түсті. Концерт соңында көрермендер өнерпаздарды ұзақ қол соғып, ерекше құрмет көрсетті.
Айта кету керек, «Шымкент концерт» концерттік ұйымының Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі 2021 жылы құрылғаннан бері ұлттық өнерді насихаттау бағытында жемісті еңбек етіп келеді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі ҚР Мәдениет саласының үздігі Өмірбек Қонысбеков, бас дирижері республикалық байқаулардың лауреаты Жамбыл Мейірбеков. Ұжым бүгінде халықаралық сахналарда қазақ өнерінің абыройын асқақтатып, еліміздің мәдени брендіне айналған өнер ордасы ретінде танылып отыр.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА,
«Шымкент келбеті» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары