Қала күніне орай Қаратау ауданында көркем гимнастикадан әкім кубогі өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Қала күніне орай Қаратау ауданында көркем гимнастикадан әкім кубогі өтті

Қала күні мерекесі аясында көркем гимнастикадан Қаратау ауданы әкімінің кубогіне арналған ашық турнир ұйымдастырылды. Спорттық шараға қаладағы спорт мектептерінен келген 100-ден астам жас гимнаст қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды.

Жарыстың басты мақсаты жасөспірімдер арасында көркем гимнастиканы дамыту, спортшылардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау және салауатты өмір салтын насихаттау. Жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыратын «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбы да жарыстың ұранында болды.

Салтанатты ашылу рәсімінде Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Жарылқасын Мәшбек қатысушылар мен жаттықтырушыларды мерекемен құттықтап, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.

– Спорт денсаулықтың кепілі ғана емес, жастарды тәртіпке, табандылыққа және жеңіске ұмтылуға тәрбиелейтін маңызды құрал. Көркем гимнастика – спорт пен өнердің үйлесім тапқан ерекше түрі. Соңғы кезде спорттың осы түріне қызығушы өрендер көбейді. Осындай жарыстар арқылы өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығы артып, салауатты өмір салты кеңінен насихатталады. Сондай-ақ, спортшыларды патриоттыққа баулып, оларды жігерлендіріп отыратын бапкерлердің еңбегі зор, – деді ол өз сөзінде.

Жарыс барысында гимнаст қыздар түрлі бағдарламалар бойынша өнер көрсетіп, икемділігі мен шеберлігін паш етті. Әрбір қатысушы жеңіске деген жігерін танытып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Жоғарыда атйқанымыздай, көркем гимнастика – ерекше төзімділік пен табандылықты талап ететін, сұлулық пен спортты ұштастыратын бекзат өнер. Бүгінде қалада осы спорт түрімен айналысуға мүмкіндік беретін бірнеше мамандандырылған мектеп пен секциялар жұмыс істейді. Соңғы жылдары ата-аналар мен балалар арасында көркем гимнастикаға деген қызығушылық артып, спорт түріне сұраныс көбейіп келеді.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Марапаттау рәсімінде аудан әкімінің орынбасары жеңімпаздарға құрмет көрсетіп, алдағы жарыстарда да жоғары нәтижелерге қол жеткізулеріне тілектестік білдірді.

Қала күні қарсаңында өткен бұл спорттық дода жас спортшылар үшін үлкен мереке ғана емес, дені сау, белсенді әрі мақсатшыл ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды шара болды.

Аружан Убайдуллаева,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті Өнер Медиа және Дизайн факультетінің журналистика кафедрасының 2 курс студенті
«Шымкент келбеті«

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...