Ордабасының даму бағыты брифинг барысында кеңінен таныстырылды — Xnews — ақпарат агенттігі

Ордабасының даму бағыты брифинг барысында кеңінен таныстырылды

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Ордабасы ауданында ауқымды баспасөз туры мен брифинг ұйымдастырылды. Іс-шараға облыстың ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар журналистер, қаламгерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Алдымен қонақтар аудан аумағындағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Баспасөз туры барысында жауапты бөлім басшылары мен мамандар әр нысан бойынша жан-жақты ақпарат беріп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.

Журналистер өндірістік парк аумағында болып, инвесторларға ұсынылып отырған мүмкіндіктермен, өндіріс орындарының жұмысымен және жаңа жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Сондай-ақ жуырда пайдалануға берілген Рәміздер аллеясын аралап, оның аудан тұрғындары үшін маңызы мен мазмұнымен танысты.

Бұдан бөлек, Темірлан ауылындағы «Самал» мөлтек ауданында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы көрсетіліп, тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар таныстырылды. Сонымен қатар журналистер құрылысы жүріп жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен теннис кортының құрылыс барысымен танысты. Жауапты мамандар аталған нысандардың аудан тұрғындарының спортпен тұрақты шұғылдануына мүмкіндік беріп, бұқаралық спорттың дамуына серпін беретінін атап өтті. Аудан орталығындағы абаттандыру, көгалдандыру және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да кеңінен көрсетілді.

Нысандарды аралау аяқталған соң іс-шара Ордабасы аудандық Өнер мектебінің мәжіліс залында аудан әкімі Азат Оралбаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген брифингке ұласты.

Брифинг барысында аудан басшысы Ордабасының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталып, өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар мен инвестициялық бастамалар туралы баяндады. Оның айтуынша, биылғы бес айдың қорытындысымен ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 84,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,6 пайыздық өсімге қол жеткізілген.

Сондай-ақ ауданға 20,9 млрд теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 29,3 млрд теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін жалпы құны 28,5 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жобаны іске асырып, 525 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы саласында да оң көрсеткіштер қалыптасқан. Есепті кезеңде 16 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, егіс көлемі 71,5 мың гектарға жеткен. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Брифингте аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткені, табиғи газбен қамту деңгейі 77,1 пайызды құрайтыны, жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы кеңінен айтылды. Сонымен бірге білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар таныстырылды.

Ашық форматта өткен кездесуде журналистер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ауданның даму бағыттарына қатысты пікір алмасты. Аудан әкімі барлық сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстар мен пікірлер назарға алынатынын жеткізді.

Кездесу соңында Азат Оралбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қоғамдағы өзекті мәселелерді халыққа жеткізіп, ел мен билік арасындағы байланысты нығайтудағы журналистердің еңбегін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ақпарат саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар БАҚ өкілдерін Алғыс хаттармен және арнайы марапаттармен марапаттап, шығармашылық табыс, тың бастамалар мен кәсіби жетістіктер тіледі.

Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

В Туркестанской области строится неимеющий аналогов в стране откормочный комплекс

В Сауранском районе динамично ведется строительство одного из крупнейших инвестиционных проектов в сфере агропромышленного комплекса — откормочного комплекса, не имеющего ...

Түркістан облысында елімізде теңдесі жоқ мал бордақылау кешені салынып жатыр

Түркістан облысы Сауран ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі – елімізде баламасы жоқ мал бордақылау кешенінің құрылысы ...