Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс даңқы залына ресми түрде жазылуымен құттықтады — Xnews — ақпарат агенттігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс даңқы залына ресми түрде жазылуымен құттықтады

Аты аңызға айналған кәсіпқой боксшы, ел мақтанышы Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс Даңқ залына (International Boxing Hall of Fame) ресми түрде енді.

Президент атап өткендей, бұл тарихи уақиға аты аңызға айналған отандасымыздың жаһандық спорттағы қолтаңбасы айрықша маңызға ие екенін айғақтайды. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы шынайы келбеті мен беделін қалыптастыруға қосқан елеулі үлесін көрсетеді.

Мемлекет басшысының пікірінше, Геннадий Головкин – еліміздің мақтанышы әрі халықаралық спорт қоғамдастығындағы елшісі.  

Қасым-Жомарт Тоқаев дүние жүзіндегі ең үздік боксшылардың бірінен үлгі алған жас спортшыларымыз жігерленіп, биік белестерді бағындыра беретініне сенім білдірді.

Еске салсақ, 2025 жылғы дауыс беру нәтижесінде Головкинмен бірге Вернон Форрест пен Стив Коллинс те үздік тізімге ілікті. Сонымен қатар, бұған дейін алғашқы кезеңде өтпей қалған боксшылар да қарастырылған. Дауыс беруге АҚШ, Жапония, Англия, Канада, Аргентина, Австралия, Нидерланд, Германия және Мексикадан спорт журналистері мен бокс тарихшылары қатысты.

Головкин Даңқ залына алғашқы кезеңде-ақ өтті. Сонымен бірге, биылғы тізімге бұрынғы әлем чемпиондары Антонио Тарвер (2024 жылдан бері үміткер) және Найджел Бенн (2017 жылдан бері үміткер) енгізіледі.

Айта кетейік, Головкин бұл мәртебеге ие болған алғашқы ел спортшысы атанды. Онымен бірге бұл тізімге экс-чемпиондар Антонио Тарвер мен Найджел Бенн де енді. Даңқ залына кіру шарты бойынша соңғы жекпе-жектен кемінде үш жыл өтуі керек. Головкин соңғы рет 2022 жылдың қыркүйегінде рингке шыққан. Енді GGG есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер мен Мэнни Пакьяо секілді әлемдік бокс аңыздарымен қатар аталады.

Головкин Қазақстаннан шыққан алғашқы, ал ТМД елдерінен шыққан төртінші боксшы болып осы мәртебеге ие болды. Бұған дейін бұл тізімге Константин Цзю, сондай-ақ ағайынды Кличколар енген. Әуесқой бокста Головкин 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, 2004 жылғы Олимпиадада күміс жүлде иеленген. Кәсіпқой рингте ол 42 жеңіс, 2 жеңіліс және 1 тең нәтиже көрсеткен. GGG орта салмақта WBC, WBA, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, нокауттар саны бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Қазіргі таңда Геннадий Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетін басқарып, сондай-ақ World Boxing ұйымының президенті қызметін атқарады.

x

Check Also

Садақ атудан әлем чемпионатының жүлдегерлерін салтанатты түрде қарсы алды

Шымкент халықаралық әуежайында Оңтүстік Кореяда өткен садақ атудан әлем чемпионатында жеңіске жеткен спортшыларды жерлестері салтанатты түрде қарсы алды. Ульсан қаласында ...

Электр энергетикасы – жаңа дәуірдің қозғаушы күші

Қазіргі әлем электр энергиясы экономикалық және технологиялық дамудың негізгі ресурстарының біріне айналған кезеңге қадам басты. Өнеркәсіп өндірісінің өсуі, цифрландыру, жаңа ...