Жаңа нысандар бұқаралық спортты дамытуға кең жол ашады — Xnews — ақпарат агенттігі

Жаңа нысандар бұқаралық спортты дамытуға кең жол ашады

Шымкент қаласында спорттық инфрақұрылымды дамыту – тұрғындардың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасаудың негізгі тетігі. Қала аумағында қазіргі уақытта 877 спорттық нысан бар. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, 2026 жылы қалада спорттық инфрақұрылымды дамыту үшін 2 жаңа спорт нысанының құрылысы жоспарланып отыр. Одан бөлек, қазіргі уақытта Тұран‑2 шағын ауданында сыйымдылығы 35 000 көрерменге арналған жаңа стадионның, Тұран шағын ауданында «Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт кешені» құрылысы жүргізілуде.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Шымкент қаласында спорт және дене шынықтыру саласында атқарылған нақты жұмыстар мен жетістіктер және алдағы жоспарлар туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өткен-ді. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов спорттық ифрақұрылымды дамыту, жоғары жетістіктер, бұқаралық спортты ілгерілету және басқа да бағыттардағы жүзеге асқан жұмыстарды баяндады. Шымкент қаласының дене шынықтыруды дамыту және іс-шараларды өткізу дирекциясының 31 спорт нұсқаушысы бүгінде қаланың 13 саябақ пен аллеяларында қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануы үшін таңғы жаттығуларды өткізуде.

Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты жалпы 35 спорт ұйымы жұмыс істейді. Спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу процесін жүргізу үшін жалпы 1121 жаттықтырушы (штаттағы 795 жаттықтырушы) қызмет атқарады. Спорттық мекемелерде 16 283 спортшы тұрақты түрде жаттығуларға қатысуда.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, жергілікті спортшыларға жағдай жасау, бұқаралық спортты дамыту, жалпы спортқа қолжетімділікті арттыруда спорттық инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор. Шаһарда жылдан жылға спорт нысандарының қатары артып, құрылыс жұмыстары қарқын алған. Басқарманың мәліметінше, 2026 жылы қалада спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында 2 жаңа спорт нысанының құрылысы жоспарланып отыр. Тұран шағын ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының, Базарқақпа тұрғын алабындағы стадион аумағында қосымша спорт нысан құрылысына ЖСҚ әзірленген. Қазіргі уақытта Тұран‑2 шағын ауданында сыйымдылығы 35 000 көрерменге арналған жаңа стадионның, Тұран шағын ауданында «Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт кешені» құрылысы жүргізілуде.

Жыл басында қала әкімі, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, Қоғамдық кеңес мүшелері паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлеріне арналған заманауи спорт кешені құрылысының басталуына куә болды. Іс-шара барысында қала әкімі инклюзивті спорт инфрақұрылымын дамытудың және қала тұрғындары үшін тең мүмкіндіктер қалыптастырудың маңыздылығын атап өткен-ді. Жалпы айтқанда, бұл кешен спорт нысаны ғана емес, ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін мүмкіндіктер кеңістігіне айналады. Басты мақсат – қолжетімді орта қалыптастырып, белсенді өмір салтын ұстануды қолдау және Шымкент пен еліміздің атын халықаралық аренада абыроймен қорғайтын спортшыларды даярлауға жағдай жасау.

Спорт кешенінің жалпы аумағы 16 800 шаршы метрден асады. Нысан аумағында футбол алаңы, екі әмбебап спорт залы, жекпе-жек спорт түрлеріне, спорттық билерге, үстел ойындарына, армрестлинг пен пауэрлифтингке арналған арнайы залдар, жүзу бассейні мен автотұрақ қарастырылған. Бұл кешен аумағын жаттығулар мен белсенді демалысқа арналған көпфункционалды кеңістік ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

2026 жылы спорт инфрақұрылымының қолданыстағы нысандарын сақтау және жаңарту мақсатында бірқатар нысандарға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Атап айтқанда, «Мұз сарайы» ғимаратына, Локомотив стадионын, Шаумяна көшесіндегі футбол алаңшасына ағымдағы жөндеу, кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің ғимаратына, «Орталық су спорт кешені» ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары атқарылады.

– Қала орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерді спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жер телімдер қарастырылып, заңдастыру жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Тұран ауданы, Ақтас тұрғын алабында ( 0,32 га), Еңбекші ауданы, Бадам-2 тұрғын алабында ( 0,70 га), Абай ауданы, Көкбұлақ тұрғын алабында (0,64 га), Абай ауданы, Қызылжар шағынауданында ( 1,9 га) жер телімдері заңдастырылды. Алдағы уақытта спорттық нысандар құрылысын жүргізу үшін қалалық құрылыс басқармасына ұсыныс берілетін болады. Демеушілер тарапынан 2 спорттық нысан құрылысы жоспарлануда. Атап айтқанда, Қайтпас шағын ауданындағы №58 мектептің ескі ғимараты орнына дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, Ипподром аумағына қосымша 150 адамға арналған қонақ үй мен 150 атқа арналған атқораның құрылысын жүргізу жоспарда тұр. Жоғарыда аталған спорттық нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарын жүргізу қаладағы спорттық инфрақұрылымның дамуына және туризмнің дамуына оң нәтижесін береді, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Спортшылар оң нәтижелерге қол жеткізді

Сондай-ақ, спорт түрлері бойынша 2026 жылдың 5 айында қала спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 357 алтын, 334 күміс, 345 қола медаль жеңіп алды. ҚР Кубоктарында 32 алтын, 34 күміс, 28 қола жүлдеге ие болды. Азия чемпионаттарында 24 алтын, 40 күміс және 21 қолаға қол жеткізсе, (жалпы 85 медаль), Әлем чемпионаттарында 9 алтын және 4 күміс, 4 қола (Әлем Кубоктарында 19-алтын, 11 күміс және 8-қола) медальді иеленді.

2026 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 11 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 44 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 210 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Ұлттық командасының ересектер құрамасына 440, жастар құрамасына 407, жасөспірімдер құрамасына 377 спортшы енген. Жалпы 1224 спортшы Ұлттық команда сапында еліміздің намысын қорғайды.

11-22 қаңтар аралығында Доха қаласында (Катар) стенд атудан Азия чемпионаты өткен болатын. Нәтижесінде қала спортшылары 5 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды. Ал, ақпанда Нью-Дели (Үндістан) қаласында өткен нысана атудан Азия чемпионатында қала спортшылары 6 алтын, 2 күміс, 3 қола медальді ел қоржынына салды. Наурыз айындағы Рим қаласында (Италия) каратэ WKF спорт түрінен Азия ойындарына іріктеу саналатын «Премьер Лига» рейтингтік халықаралық турнирінде София Берульцева алтын жүлдегер атанды.

Сонымен қатар, 13-15 мамыр аралығында Түркістан қаласында Теңге ілу ұлттық спортынан 2-ші Әлем чемпионаты өтті. Бұл чемпионатта Шымкент қаласының спортшысы Азат Түлкібай «Қос құлаш» стилінде өнер көрсетіп, 1-орын жеңіп алды. Сөйтіп, А.Түлкібай екі дүркін Әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Мамыр айында Астана қаласында өткізілген дзюдодан «Қазақстан Барысы» Гранд Слам халықаралық рейтингтік турнирінде Шымкент қаласының спортшылары – Марат Байқамұров (100 келі) 1-орын жеңіп алса, Талғат Орынбасар (60 келі) 2-орыннан көрінді.

Күрес түрлерінен бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізілді. 26 ақпан – 2 наурыз аралығында Тирана қаласында (Албания) өткен грек-рим күресінен «Muhamet Malo» рейтингтік халықаралық турнирінде Мейіржан Шермаханбет жеңімпаз атанса, Ернұр Фидаметов қола жүлдені еншіледі.

24-26 сәуірде Хэфэй қаласында (Қытай) өткен байдарка және каноэ есуден ересектер арасындағы Азия чемпионатында қала спортшылары 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальға қол жеткізіп, олжалы оралды.

20-25 мамыр аралығында Моңғолияның Ұланбатыр қаласында таэквондодан Азия чемпионаты өтті. Аталған чемпионатта Шымкент қаласының спортшысы Самирхон Абабакиров 63 келіде өнер көрсетіп, 3-орынға тұрақтады.

Сонымен қатар, биыл жас спортшылар Азия чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, батуттық гимнастикадан Еңлік Тұрсын қола жүлдегер атанып, 3-орын иеленді. Еркін күрестен Мардан Орынбасар мен грек-рим күресінен Джохар Узаров күміс жүлдеге қол жеткізіп, чемпионатты 2-ші орынмен аяқтады. Ал, жеңіл атлетикадан диск лақтыру сайысында Қазақстан рекордын жаңартқан Максим Сажнев Азия чемпионатының жеңімпазы атанды.

Жазғы Азия ойындарынан үмітіміз мол

Ермек Аманжолұлы биылғы Жазғы Азия ойындарына дайындық жұмыстарынан хабардар етіп, кешенді жарыста өткен жолғы нәтижені жақсарту міндеті тұрғанын айтты. 2026 жылдың қыркүйек айында Бішкек қаласында (Қырғызстан) VI Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары өтеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама команда сапында келесі спорт түрлерінен спортшылардың қатысуы жоспарлануда. Асық ату (2 спортшы), теңге ілу (1 спортшы), қазақ күресі (2 спортшы), тоғызқұмалақ (3 спортшы), аударыспақ (1 спортшы), көк бөрі (2 спортшы), көкпар (1 спортшы) және дәстүрлі садақ атудан (2 спортшы) өкілдер тізімге алынып отыр. 2024 жылы Астана қаласында өткен 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын 18 спортшы қорғап, нәтижесінде жерлестеріміз ел қоржынына 7 алтын, 5 күміс, 4 қола медаль жеңіп алған болатын.

Бүгінде 19 қыркүйек – 4 қазан аралығында Айти және Нагоя (Жапония) қалаларында өтетін 20-шы Жазғы Азия ойындарына қызу дайындық жүруде. Жазғы Азия ойындарына Шымкент қаласынан 21 спорт түрінен 50-ден астам спортшының бақ сынауы жоспарланып отыр.

2023 жылы Қытай елінің Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарына елімізден 30 спорт түрінен 525 спортшы қатысса, соның ішінде Шымкент қаласынан спорттың 23 түрінен 66 жерлесіміз оң нәтижелерге қол жеткізді. Ел құрамасы 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль иеленсе, оның ішінде Шымкент қаласының спортшылары 5 алтын, 10 күміс, 11 қола медаль жеңіп алды.

Азия ойындарында кімдерге үміт артамыз? Әрине, бокстан әлем чемиондары Махмұд және Төрехан Сабырхан, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы, каратэден Софья Берульцева бастаған үздіктер алтын жүлдеден басты үміткерлер саналады. Одан бөлек, оқ ату шеберлері, таэквондо, күрес түрлері, байдарка және каноэде есу, тағы басқа спорт өкілдеріне де үміт артылады. Кем дегенде жалпы 6 алтын алу жоспарда тұр. Біз жерлестерімізге сәттілік тілейміз.

Тағабай ҚАСЫМОВ,
“Шымкент келбеті” газеті

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...