Түркістанда «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин төрағалығымен «Шанақ» жеке индустриалды аймағына қатысты кеңейтілген жұмыс отырысы ұйымдастырылды.
Жиынға Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының басшылығы, облыстық басқармалар өкілдері, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының мамандары, Қазығұрт ауданы әкімдігі, сондай-ақ «Шанақ» жеке индустриалды аймағының құрылтайшылары мен жауапты өкілдері қатысты.
Кездесу барысында индустриалды аймақтың инженерлік инфрақұрылымын дамыту, коммуналдық желілер жүргізу, өндірістік алаңның инвестициялық әлеуетін арттыру және кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, өндіріс орындарын іске қосу мен жаңа жобаларды жүзеге асыру бағытындағы өзекті ұсыныстар қаралды.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі орынбасары Ербол Ауелбеков жұмыс отырысының маңыздылығына тоқталып:
— «Индустриалды аймақтарды дамыту — өңір экономикасын әртараптандырудың және жаңа жұмыс орындарын ашудың маңызды құралы. “Шанақ” жеке индустриалды аймағы кәсіпкерлікті қолдауға және өндіріс көлемін ұлғайтуға серпін береді. Палата тарапынан инвесторлар мен кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады», — деді.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты тараптарға нақты тапсырмалар беріліп, инфрақұрылымдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу және бірлескен жұмыстарды жалғастыру жөнінде келісімге келінді.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары