Шымкентте оқу жылының аяқталуына орай салтанатты жиын өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкентте оқу жылының аяқталуына орай салтанатты жиын өтті

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бүгін дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатында болып оқу жылының аяқталуына орай салтанатты жиынына қатысты.

Ашылғанына 30 жыл толып отырған бұл мектепті бүгінге дейін 2171 оқушы бітіріп, олардың 136-сы «Алтын белгі», 219-оқушы «Үздік» аттестат, бітірушілердің 90%-дан астамы мемлекеттік грант иегерлері атанған. Түлектері еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындары мен алыс, жақын шет мемлекеттердегі атап айтар болсақ, АҚШ, Франция, Германия, Ұлыбритания, Корея, Малайзия, Сингапур, Ресей, Түркия елдерінің беделді жоғарғы оқу орындарында білім алып, бүгінгі таңда бастапқы буындағы мектеп түлектері елімізде түрлі салаларда білікті маман ретінде қызметтер атқаруда.

Алты жыл бұрын «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қала әкімінің бұйрығымен бұл мектеп IT лицей мәртебесін алған. Былтыр мектептің материалдық-техникалық базасын жаңғырту мақсатында қала бюджетінен қомақты қаржы бөлініп, білім ордасы толықтай күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде мектеп ғимараттары заман талабына сай жаңартылып, білім алушылар мен педагогтер үшін қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасы қалыптаса түсті.

Биылғы оқу жылында білім алушылардың білім сапасы 91% құрады. Метктепті биыл 119 түлек бітірсе, оның 14-і «Алтын белгіге», ал 16-«Үздік аттестатқа» үміткер. Оқу жылы барысында 11-сынып оқушылары Ерғали Абдумалик SPT олимпиадасындағы (Білім деңгейін анықтайтын стандартталған тестілеу) үздік нәтижесі үшін Сүлеймен Демирел университетінің оқу грантын, Сержан Ұлағат — халықаралық «Әл-Фараби -2026» олимпиадасындағы үздік нәтижесі үшін Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің оқу грантын иеленіп отыр.

Қала әкімі мектеп түлектерін болашаққа басқан қадамдарына ақ жол тілеп, армандарының асқақ болуына тілектестігін білдірді.

– Еліміздің болашағы білімді жастардың арқасында дами түседі. Сондықтан да мамандықты дұрыс таңдап, мемлекетіміздің алдынғы қатарлы ел болуына аянбай төр төгетін, Қазақстанның нағыз патриоты болатындықтарыңызға сенімдімін. Алтын ұя мектептеріңізді ұмытпай, білім нәрімен сусындатқанаяулы ұстаздарыңыздың, ата-аналарыңыздың сенімін ақтай беріңіздер, -деді қала әкімі Ғ. Сыздықбеков.

Айта кету керек, дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының оқушылары арасында 13 шәкірт халықаралық деңгейдегі сайыстардан, 163 оқушы республикалық байқаулардан, 149 шәкірт облыстық , 893 өрен қалалық деңгейдегі білім сайыстарының жеңімпазы атанған.

Он бір жыл бұрын тарыдай боп кіріп бүгін таудай боп шыққыан түлектер үшін мектептегі Соңғы қоңырау іс-шарасы балғын шағы-ертегі артта қалып, дәл бүгіннен басталған ертеңі көңілді толқытар шақ екені рас. Тәтті мұңмен өрілетін қуанышты сәтте олардың болашақтарына ақ жол тілеп, қолдау білдірудің мән-маңызы жоғары.

Бүгін Шымкент қаласындағы үш жүзге жуық мектепте 16 мыңнан астам түлек қатысқан осындай әсерлі Соңғы қоңырау іс шарасы өтті. «Білімім – Отаныма!» тақырыбында ұйымдастырылған мерекелік жиындарда түлектерге арнап еліміздің адал, әділ, білімді азаматы болуы туралы тілектер айтылды.

Жалпы 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша Шымкентте «Алтын белгіге» — 786 оқушы үміткер, 11-сынып бойынша «Үздік аттестатқа» — 1 123 түлек, 9-сынып бойынша «Үздік аттестатқа» — 1 580 оқушы ұсынылып отыр екен. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқаны байқалады.

Бұдан бөлек түрлі олимпиадалар мен білім бәсекесінде де шымкенттік оқушылардың бәсі биік. Биыл республикалық олимпиадада жоғары нәтиже көрсеткен қала оқушылары арасында 3 алтын, 10 күміс, 7 қола медаль, 4 грамота иеленгендер бар.

Мектеп оқушыларына көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдаулар да аз емес. Бір ғана тегін ыстық тамақпен қамтуға биыл 17,8 млрд теңге бөлінген.

Ж. ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ
«Шымкент келбеті»

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...