Қазақстанда ІЖӨ 17 мың доллардан асты — Xnews — ақпарат агенттігі

Қазақстанда ІЖӨ 17 мың доллардан асты

Халықаралық валюта қоры сәуір айына арналған әлемдік экономикалық шолуды жариялады. Шолуда жаһандық экономикаға қатысты маңызды көрсеткіштер қамтылған. Соның ішінде Қазақстандағы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі назар аудартып отыр.

Жан басына шаққандағы ІЖӨ – елдегі экономикалық даму мен халық әл-ауқатының орташа деңгейін көрсететін негізгі индикаторлардың бірі. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде өндірілген барлық тауар мен қызметтің жалпы құнын халық санына бөлу арқылы есептеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, ел экономикасында өндірілген өнімнің ақшалай көлемі бір адамға шаққанда қанша үлеске тиесілі екенін көрсетеді.

Мұндай тәсіл мемлекеттердің өмір сүру деңгейін салыстыруға мүмкіндік береді. Яғни, мұнда халық саны емес, экономиканың тиімділігі мен сапасы назарға алынады.

Халықаралық валюта қорының жаңартылған дерегіне сәйкес, Қазақстанда жан басына шаққандағы ІЖӨ 17 500 АҚШ долларына жеткен. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы дәл осы көрсеткіш 14 770 доллар болған. Осылайша, қысқа уақыт ішінде өсім шамамен 20%-ды құрап отыр.

Бұл халықаралық сарапшылар Қазақстан экономикасындағы сапалы өзгерістерді байқап отырғанын аңғартады. Ал аймақтағы көрші елдердің 2026 жылғы сәуірдегі көрсеткіштері мынадай:
· Өзбекстан – 4 660 доллар;
· Қырғызстан – 3 200 доллар;
· Тәжікстан – 1 940 доллар.

Ұсынылған көрсеткіштерге қарағанда, Қазақстан ішкі жалпы өнім көлемі бойынша да, жан басына шаққандағы ІЖӨ деңгейі бойынша да аймақтағы көшбасшы орнын сақтап отыр. Бұл деректер ел экономикасының сапалы даму бағытын нақты көрсетеді. Сарапшылардың айтуынша, экономикалық өсім жүйелі әрі тұрақты сипат алып келеді. Ішкі жалпы өнім үлесінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі артқан.

Әлемдегі тұрақсыз жағдайға қарамастан, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің төмендемеуі де осының айғағы.

x

Check Also

Шымкент: «Жұлдыз» индустриалды аймағы теміржол инфрақұрылымымен қамтылды

Шымкент қаласындағы «Жұлдыз» индустриалды аймағында орналасқан өнеркәсіптік кәсіпорындарға қызмет көрсетуге арналған тұйықталған теміржол желісінің құрылысы аяқталды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ...

Электр энергетикасы – жаңа дәуірдің қозғаушы күші

Қазіргі әлем электр энергиясы экономикалық және технологиялық дамудың негізгі ресурстарының біріне айналған кезеңге қадам басты. Өнеркәсіп өндірісінің өсуі, цифрландыру, жаңа ...