Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ кеңсесінде жер пайдалану тарифтерін қайта қарау мәселесіне арналған жиын өтті. Басқосуға ұлттық парк өкілдерімен қатар жер пайдаланушылар және кәсіпкерлер қатысты.
Жиынға сондай-ақ Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, директордың экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Бақытжан Құралбаев және жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Дінасыл Үсен қатысты.
Кездесу барысында жер пайдаланушылар қолданыстағы тарифтердің экономикалық негізділігіне қатысты өз пікірлерін білдіріп, олардың кәсіпкерлік қызметке әсерін атап өтті. Сонымен қатар тарифтік жүктемені төмендету және оны нақты нарықтық жағдайларға сәйкестендіру қажеттігі туралы ұсыныстар айтылды.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев бұл мәселенің өзектілігіне ерекше тоқталды:
«Бизнес үшін тарифтердің әділ әрі экономикалық тұрғыдан негізделген болуы аса маңызды. Біз кәсіпкерлердің ұсыныстарын жүйелеп, оларды мемлекеттік органдарға нақты есеп-қисаппен жеткізу арқылы ортақ тиімді шешімге келуді көздейміз. Бұл бағытта барлық тараптың мүддесін ескеретін теңгерімді шешім қажет», — деді ол.
Өз кезегінде «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ өкілдері тарифтерді қалыптастыру бойынша тиісті есептеулер жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ кәсіпкерлер тарапынан түскен ұсыныстар міндетті түрде ескерілетіні атап өтілді.
Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастықты күшейтіп, ұсыныстарды бірлесіп әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.
Жиын қорытындысы бойынша жер пайдаланушылардың ұсыныстарын жинақтап, оларды ұлттық парк өкілдерімен бірлесіп пысықтау қажеттігі белгіленді. Сонымен қатар тарифтерге қатысты негізделген ұсыныстар әзірленіп, оларды уәкілетті органға жолдау жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта тараптар бірыңғай келісілген ұстаным қалыптастырып, тиісті ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жолдайды.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
