Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасында Білім беруді және медицинаны дамыту салалық кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысы өтіп, өңірдегі фармацевтикалық қызмет көрсету саласының маңызды мәселелері кеңінен талқыланды. Жиынға дәріхана басшылары, сала мамандары, мемлекеттік орган өкілдері мен сарапшылар қатысып, қолданыстағы заңнама талаптары бойынша жан-жақты ақпарат алды.
Іс-шараның басты мақсаты – фармацевтикалық және медициналық қызмет көрсету саласындағы өзекті түйткілдерді ортаға салып, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ заң талаптарын нақты әрі түсінікті жеткізу болды. Кездесу барысында дәріхана қызметіне қойылатын мемлекеттік талаптар, лицензиялау және рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу тәртібі, заң аясындағы шектеулер мен тыйымдар кеңінен түсіндірілді.
Түсіндіру жұмыстарын Оңтүстік Қазақстан облысының фармацевтикалық және медициналық ұйымдары қауымдастығының төрайымы Хадиша Альжанова жүргізіп, саладағы соңғы өзгерістер мен талаптарға ерекше тоқталды. Ол кәсіпкерлерге заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, құжат рәсімдеуде жиі кездесетін қателіктерге де назар аударды.
Жиын барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын ашық қойып, тиісті мемлекеттік орган өкілдерінен нақты жауап алды. Әсіресе, бақылау-қадағалау талаптары мен құжаттандырудағы өзгерістерге қатысты мәселелер қызу талқыланды.
Осы ретте Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы және Білім беруді және медицинаны дамыту салалық кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Әзірет Ыдырыс өз пікірін білдірді:
«Бүгінгі кездесу – бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалог алаңы. Кәсіпкерлердің нақты сұрақтарына жауап беру арқылы біз олардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, саладағы өзекті мәселелерді бірлесе шешуге мүмкіндік алып отырмыз. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады», – деді ол.
Жиын соңында ашық форматтағы сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылып, қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Сарапшылар мұндай кездесулер бизнестің тұрақты дамуына серпін беріп, заң талаптарын тиімді орындауға жол ашатынын атап өтті.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері алдағы уақытта да кәсіпкерлерге құқықтық қолдау көрсету, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және бизнес өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, жүйелі іс-шараларды жалғастыратынын жеткізді.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
