Бүгін Түркістан облысында аграрлық білім мен өндірісті ұштастыруға бағытталған маңызды халықаралық алаң – «Қазақстан – Германия серіктестігі аясында агроөндіріс пен агробілімді интеграциялау» тақырыбындағы форсайт-семинар өз жұмысын бастады.
Аталған іс-шара Түркістан облысының білім басқармасының жылдық жоспары аясында ұйымдастырылып, «Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны мен Германиядағы Вайенштефан–Триздорф қолданбалы ғылымдар университеті арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың нақты көрінісіне айналды.
Халықаралық деңгейдегі бұл басқосу аграрлық секторға заманауи талаптарға сай, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мәселесін жаңа қырынан қарастыруға мүмкіндік берді. Семинар барысында Қазақстан мен Германия арасындағы білім беру интеграциясы, бірлескен оқу бағдарламаларын әзірлеу, өндірістік тәжірибе мен тағылымдамаларды жүйелеу, сондай-ақ қысқа мерзімді кәсіби курстар арқылы кадрлардың құзыреттілігін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Семинарға Германия Федеративтік Республикасынан Вайенштефан–Триздорф қолданбалы ғылымдар университетінің президенті, доктор Эрик Вёлье арнайы қатысып, халықаралық серіктестіктің маңыздылығына тоқталды.
Қазақстан тарапынан «Talap» КЕАҚ президентінің кеңесшісі Қадырбек Борибеков, Түркістан облысының білім басқармасының басшысы Ғалымжан Қалдыкөзұлы, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әзірет Ыдырыс, сондай-ақ ғылыми орта мен бизнес өкілдері қатысты. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары, жоғары оқу орындарының профессорлары және агробизнес құрылымдарының жетекшілері бар.
Бұл алаңда Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының рөлі ерекше айқын көрінді. Палата бизнес пен білім беру арасындағы байланысты нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп, кадр даярлау ісінде негізгі серіктестердің біріне айналып отыр.
Семинар барысында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының өкілі Әзірет Ыдырыс арнайы баяндама жасап, өңірдегі дуалды оқыту жүйесінің тиімділігіне және Палатаның бұл бағыттағы жұмыстарына кеңінен тоқталды.
Өз сөзінде ол:
«Бүгінгі басқосу – тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар аграрлық сектор мен білім беру жүйесінің өзара ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Қазақстан мен Германия арасындағы серіктестік – сапалы білім мен озық технологияларды ұштастырудың жарқын үлгісі», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, ол дуалды оқыту жүйесінің тиімділігіне тоқталып, кәсіпорындардың оқу процесіне белсенді қатысуы кадр сапасын арттыруға тікелей әсер ететінін атап өтті. Палата тарапынан жүзеге асырылып жатқан тәлімгерлік жобалар да осы мақсатқа бағытталған.
Семинар аясында Қазақстан мен Германияның агроөндірістік тәжірибелері салыстырылып, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, тағылымдамалар ұйымдастыру, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен смарт-фермерлік жүйелерді енгізу мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиын соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екендерін білдіріп, нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары