2026 жылғы 9 сәуір күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ұйымдастыруымен маңызды әрі ауқымды шара – Investment Protection Forum (IPF 2026) өтті. Бұл форум елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, инвесторлардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық арасындағы тиімді диалогты дамыту мақсатында өткізілді.
Форумға Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев, сондай-ақ «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының жетекшілері қатысты.
Аталған форумға Түркістан облысынан да кең ауқымды делегация қатысты. Облыс прокуратурасы мен әкімдігі, өңірлік «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры, «Turkistan Invest» және арнайы экономикалық аймақ өкілдері, сондай-ақ түрлі саладағы инвесторлары қатысты.
Форумның күн тәртібіндегі басты мәселе – инвесторлардың құқықтарын қорғау. Бұл бағытта инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді азайту, заңнамалық кепілдіктерді күшейту және мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Бас Прокурор Берік Асылов өз сөзінде инвестициялық жобаларды сүйемелдеу барысында құқық қорғау органдарының рөлі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір инвестор өзін қауіпсіз әрі қорғалған сезінуі тиіс, ал бұл – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.
Форум барысында Қанат Шарлапаев бизнес қауымдастық үшін ең маңызды мәселелердің бірі – құқықтың қорғалуы мен тұрақты әрі болжамды іскерлік орта қалыптастыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, инвесторлар үшін ең бастысы – әділдік және мемлекеттік органдар тарапынан нақты қолдау. Осы бағытта «Атамекен» палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және олардың мүдделерін ілгерілету бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Форум барысында инвесторлар да өз пікірлерін білдіріп, нақты ұсыныстарын жеткізді. Олардың қатарында инфрақұрылымдық мәселелер, жер телімдерін бөлу, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және мемлекеттік органдармен өзара әрекеттестікті жетілдіру мәселелері бар.
Түркістан облысының кәсіпкерлік субъекттері үшін бұл форум тәжірибе алмасуға, өңірдегі инвестициялық климатты жақсарту бойынша жаңа тәсілдерді меңгеруге және өзекті мәселелерді республикалық деңгейде көтеруге мүмкіндік берді.
Жалпы, IPF 2026 форумы – мемлекет пен бизнес арасындағы ашық диалог алаңына айналып, инвестициялық саясатты жетілдіру бағытында нақты қадамдарға негіз қалады. Мұндай бастамалар ел экономикасының тұрақты дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлердің инвестициялық тартымдылығының артуына ықпал ететіні сөзсіз.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
