Түркістанда инвесторлардың құқықтарын қорғау және активтерді қайтару саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне арналған маңызды жиын өтті. Бұл кездесу Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы №1125 Жарлығын іске асыру аясында ұйымдастырылып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталды.
Жиынға қала прокуратурасы, Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ өңірлік және қалалық мемлекеттік органдардың өкілдері мен инвесторлар қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – инвесторлардың құқықтарын тиімді қорғау, бизнеске қолайлы орта қалыптастыру және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру.
Кездесу барысында қатысушылар ашық пікір алмасып, инвестициялық жобаларды іске асырудағы кедергілерді, әкімшілік тосқауылдарды азайту жолдарын және мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелерін талқылады. Прокуратура өкілдері заңнамадағы өзгерістер мен активтерді қайтару тетіктеріне тоқталып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың жаңа мүмкіндіктерін таныстырды.
Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ашық диалог бизнес пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға мүмкіндік береді.
«Мұндай кездесулер инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты дамытуға ықпал етеді. Кәсіпкерлік ортадағы сенімділікті арттыру, бизнес үшін қолайлы жағдай жасау және туындайтын мәселелерді бірлесе шешу – басты мақсатымыз. Біз барлық қатысушылармен ынтымақтасуға дайынбыз», – деді ол.
Аталған кездесу – мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Ол Түркістан өңірінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және инвесторлар үшін сенімді әрі тартымды орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болып отыр.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
