Кәсіпкерлік саладағы алаяқтыққа қарсы күрес күшейтіледі — Xnews — ақпарат агенттігі

Кәсіпкерлік саладағы алаяқтыққа қарсы күрес күшейтіледі

Қазіргі таңда кәсіпкерлік қызмет саласында алаяқтық тәуекелдері өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Мұндай құқық бұзушылықтар тек жекелеген кәсіпкерлерге қаржылық шығын келтіріп қана қоймай, жалпы бизнес ортаның тұрақтылығы мен оған деген сенім деңгейіне айтарлықтай кері әсерін тигізуде.

Осыған байланысты, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған іс-шара барысында –«Заң мен тәртіп» қағидаттары негізінде «Адал кәсіпкер» акциясы жайлы ақпарат беріліп, кәсіпкерлерге салықтық тәртіп, әлеуметтік жауапкершілік және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша кеңестер ұсынылды. Адал кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары кезінде белгілі бір артықшылықтар қарастырылғаны да атап өтілді.

Сондай-ақ, іс-шара барысында шағын және орта бизнес өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта қайтарымсыз гранттарды алып беремін деген желеумен жасалатын алаяқтық әрекеттер жиілеп кеткен. Бұл бағытта құқық қорғау органдары тарапынан Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Осы орайда, кәсіпкерлерге бірқатар маңызды сақтық шараларын ұстану ұсынылады. Атап айтқанда, серіктестердің сенімділігін алдын ала тексеру, барлық келісімдерді жазбаша рәсімдеу, қаржылық операцияларды тек ресми арналар арқылы жүргізу және цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау – алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді тәсілдері екенін ескертті.

Кәсіпкерлер палатасының өкілдері барлық қызметтердің тегін негізде көрсетілетінін және күмәнді делдалдарға жүгінудің қажеті жоқ екенін ескертеді.
Сол үшін, сала мамандары кәсіпкерлерді барынша сақ болуға шақырады.

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Бақытжан Құралбаев «Заң мен тәртіп» қағидаттарының маңыздылығын атап өтті:
«Алаяқтықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының емес, әрбір кәсіпкердің жеке жауапкершілігі. Біз адал әрі ашық бизнес жүргізу мәдениетін қалыптастыру арқылы ғана тұрақты экономикалық орта құра аламыз. Сондықтан әрбір кәсіпкер сақтық шараларын қатаң сақтап, тек сенімді әрі заңды жолмен жұмыс істеуі қажет», – деді ол.

Аталған іс-шара кәсіпкерлердің құқықтық мәдениетін арттыруға, алаяқтық тәуекелдерін төмендетуге және елдегі бизнес ортаны ашық әрі қауіпсіз етуге пайдасын тигізеді.

x

Check Also

В Туркестанской области строится неимеющий аналогов в стране откормочный комплекс

В Сауранском районе динамично ведется строительство одного из крупнейших инвестиционных проектов в сфере агропромышленного комплекса — откормочного комплекса, не имеющего ...

Түркістан облысында елімізде теңдесі жоқ мал бордақылау кешені салынып жатыр

Түркістан облысы Сауран ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі – елімізде баламасы жоқ мал бордақылау кешенінің құрылысы ...