Шымкенттік дәрігерлер ішегі бірнеше жерден тесілген азаматты құтқарды — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкенттік дәрігерлер ішегі бірнеше жерден тесілген азаматты құтқарды

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері 38 жастағы азаматты ажалдан арашалап қалды. Науқас ауруханаға ауыр хәлде жеткізілген. Тексеру барысында оның ас ішегі 3–4 жерден тесіліп, іш қуысына инфекция тарағаны анықталды.

Дәрігерлердің айтуынша, асқазаннан өткен ұзындығы шамамен 3 сантиметр болатын өткір сүйек ішекті тесіп, перфорацияға әкелген. Соның салдарынан перитонит — іш пердесінің жедел қабынуы басталған. Сонымен қатар, науқаста тамақ өтімсіздігі де байқалған.

Шұғыл түрде хирургиялық операция жасалды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында өткен ота барысында хирургтер ішекті тесіп тұрған сүйекті алып, зақымдалған ішек бөліктерін тігіп, қалпына келтірді. Сондай-ақ іш қуысы толық тазартылып, перитониттің зардаптары жойылды.

Операция 1,5 сағатқа созылып, жалпы жансыздандырумен өтті. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты. Ота жасаған хирург-дәрігер Нұрғали Тұрлыбаевтың айтуынша, дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында ауыр асқынулардың алдын алу мүмкін болған. Ал науқастың өзі дәрігерлерге кәсіби шеберлігі мен медициналық көмегі үшін алғысын білдіріп отыр.

Дәрігерлер тұрғындарды тағам тұтыну кезінде абай болуға шақырады, себебі бөгде заттардың жұтылуы өмірге қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін.

x

Check Also

Түркістанда 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының ...

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...