Жыл басынан бері Шымкент қаласында әлеуметтік жағынан осал топқа жататын тұрғындарды тұрғын үймен қамту бойынша нақты қадамдар жасалуда. Асар-2 шағынауданында 46 отбасыға коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға берілетін пәтерлердің кілттері табысталды. Ал Тұран шағынауданында баспана кезегінде тұрған 24 отбасы жаңа қонысына көшті.
Жаңа пәтер иелері қатарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар, толық емес және көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар бар. Барлық пәтерлер қаланың тұрғын үй қорынан ұсынылды.
Қоныс тойы рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, тұрғындарды маңызды оқиғамен құттықтады. Ол тұрғын үймен қамтамасыз ету әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
— Өз үйінің болуы – әр отбасы үшін тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенім, – деді шаһар басшысы.
Айта кету керек, өткен жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында нарықтан 1 529 пәтер сатып алынған. Қазіргі таңда олардың бір бөлігі қала балансына енгізіліп, қалғаны тіркеуден өткізіліп, «Отбасы банк» АҚ арқылы бөлінуде.
2025 жылдың басынан бері бөлінген 235 пәтердің 117-сі иелеріне тапсырылды. Алдағы кезеңде қалған тұрғын үйлер де кезек тәртібімен азаматтарға берілетін болады.
Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласында 1 миллион 381 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш қалада құрылыс саласының қарқынды дамып келе жатқанын және халықты қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған мемлекеттік бастамалардың жүйелі жүзеге асып жатқанын айқын дәлелдейді.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
