Түркістанда балаларды оңалту орталығы ашылды — Xnews — ақпарат агенттігі

Түркістанда балаларды оңалту орталығы ашылды

Түркістанда балаларға арналған қалалық оңалту орталығының ашылу салтанаты өтті. Маңызды нысанның ашылу салтанатына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, орталықтың ашылуына атсалысқандарға алғыс білдірді. Сондай-ақ осындай игі жобалардың жүзеге асуы – қоғамның бірлесіп атқарған жұмысының жемісі екенін атап өтті.

– Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқығын қорғау, оларға қолайлы жағдай жасау мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Бұл бастамалар балалардың құқықтары, қауіпсіздігін, әлеуметтік-психикалық дамуы, өмір сүру жағдайы мен денсаулық көрсеткіштерін жақсарту мәселелерін кешенді қамтамасыз етуге арналған. Балалар – біздің болашағымыз. Олардың денсаулығы мықты, мүмкіндіктері кең, өмір сапасы жоғары болуы – мемлекет үшін басты міндет. Сондықтан да бүгін іске қосылып отырған орталық, ең алдымен, ата-аналарға үміт сыйлайтын, балаларға жаңа мүмкіндік беретін маңызды мекеме болмақ. Мұнда балалар заманауи әдістермен ем алып, жоғары білікті мамандардың қолдауына ие болады, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұртшылықты келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Түркістан өңірінің денсаулық сақтау саласында маңызды жобалар жалғасатынын жеткізді.

– Бүгін балаларға арналған қалалық оңалту орталығы ашылуда. Бұл – балаларымыздың денсаулығын жақсартуға, олардың даму мүмкіндіктерін кеңейтуге және өмір сапасын арттыруға бағытталған үлкен қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын. Біздің ең басты мақсатымыз – облыстағы әрбір баланың бақытты өмір сүріп, сапалы медициналық қолдауға қол жеткізуіне мүмкіндік жасау, – деген Нұралхан Оралбайұлы осы маңызды нысанды салуға демеушілік көрсеткен «YDA HOLDING» компаниясына алғысын жеткізді.

«YDA Group.KZ» компаниясының бас директоры Онур Кыроглу да құттықтау сөз сөйледі. Бұл нысан Кираз Арслан мен Яшар Деде Арсланның құрметіне YDA компаниясы тарапынан салынып, Түркістан облысына сыйға тартылып отыр.

Жобаның құны 2,7 млрд. теңгені құрайды. Ғимараттың жалпы аумағы 1,56 гектарды құрайды. Ғимараттың жалпы ауданы – 2 227,41 шаршы метр. Оңалту орталығы 40 тәуліктік және 20 амбулаторлы емханалық көмек көрсетеді. Жаңа орталық заманауи талаптарға сай жабдықталған және толық кешенді оңалту көмегін ұсынуға қауқарлы. Атап айтқанда, ортопедиялық және нейрохирургиялық оталардан кейінгі кезең, неврологиялық ауытқулар, кардиохирургиялық оталардан кейінгі кезең, орфандық ауруларды емдеуге арналған. Бұл – тек Түркістан қаласына ғана емес, бүкіл облыс балаларына арналған орталық.

Айта кетейік, Түркістан облысында 0-14 жас аралығында 774 мыңнан астам бала бар. Соңғы жылдары Түркістан облысы еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналды. Өңірде соңғы 5 жылда 300-ден астам жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.

Бүгінде облыста 4 балаларды оңалту орталығы және 3 «Қамқорлық» орталығы жұмыс істейді. Биылдың өзінде 14 153 балаға оңалту көмегі көрсетілді.

Яндекс.Погода
x

Check Also

Түркістан облысындағы су айдындарында қауіпсіздік жұмыстары күшейтілді

Шомылу маусымы баталғанда ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмау керек. Сондай-ақ, судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында ...

В Туркестане развивается хлопково-текстильный кластер полного цикла

В Туркестанской области продолжается реализация крупных инвестиционных проектов. Аким области Нуралхан Кушеров встретился с инвесторами, реализующими проект «Туркестанский хлопковый агропромышленный ...