Шымкент қаласында туристік инфрақұрылымды дамыту аясында жаңа QR-қызмет іске қосылды. Енді қалаға келген қонақтар арнайы QR-кодты сканерлеп, онлайн форманы толтыру арқылы туристік бағыттар, қызметтер мен сапарға қажетті ақпаратты оңай ала алады.
Жүйе туристердің қауіпсіздігін арттырады және қажет жағдайда туристік полициямен жедел байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Толтырылған ақпарат автоматты түрде жауапты органдарға жіберіледі, бұл туристерге ыңғайлы әрі сенімді қызмет ұсынады.
Хызыр мұнарасы – тарихи ескерткішке жаңғырту жұмыстары жүргізілуде
Сайрам тұрғын алабында орналасқан Хызыр мұнарасы – Х–ХІ ғасырларға жататын, еліміздің тарихи-мәдени мұрасы болып табылатын көне ескерткіш. Мұнара 10–12 метр биіктікте күйдірілген кірпіштен тұрғызылған және қорғандық әрі діни мақсатта пайдаланылған.
Қазіргі уақытта «Сайрам – Туризм» туристік агенттігінің бастамасымен мұнара аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде: ескі жол аяқтар жаңартылып, аумақ көгалдандырылуда, жарық шамдары мен демалыс орындары орнатылуда.
Бұл шаралар тарихи нысанды сақтап, туристерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Сонымен қатар, аталған аумақта туризмді дамытуға жаңа цифрлық шешімдер енгізу жоспарланып отыр.
Хызыр мұнарасы – Шымкенттің мәдени мұрасын дәріптеп, қалаға туристік тартымдылық қосатын маңызды нысан болып қала береді.
«Жұлдыз» индустриалды аймағында теміржол тұйығы салынуда
Шымкенттегі «Жұлдыз» индустриалды аймағында кәсіпорындардың жұмысын жеңілдетіп, логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жаңа теміржол тұйығының құрылысы қарқын алып жатыр. Жобаны Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының тапсырысымен «INTEGRA Construction KZ» компаниясы жүзеге асыруда.
Жаңа инфрақұрылым өндіріс орындарын Текесу станциясы арқылы еліміздің теміржол жүйесіне тұрақты қосуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жүктерді жедел жеткізу, шығындарды азайту және өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға айтарлықтай әсер етеді.
Жоба аясында ұзындығы 5 шақырым болатын, бес жолақты теміржол тұйығы салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сай жүргізілуде және жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Бұл бастама индустриалды аймақтың логистикалық инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, Шымкенттің өндірістік әлеуетін арттыруға және жаңа инвестиция тартуға жол ашады.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/mH3f2bGAUgw?si=By5r96058hYheqBK
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
