Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады.
Шымкент қаласына картоп негізінен Павлодар және Қарағанды облыстарынан жеткізіледі, сондықтан оның бағасы тікелей өндіруші өңірлердегі жағдайға тәуелді. Қазіргі таңда бұл аймақтардан келетін картоп бағасы біршама қымбаттап, қаладағы көкөніс базарларында бөлшек саудада 200–270 теңге аралығында сатылуда.
Бағаны тұрақтандыру мақсатында қалада «айналым механизмі» іске қосылып, сауда желілерінде картоп бекітілген баға – 180 теңгеден сатылады. Сонымен қатар, шаруа қожалықтарымен 21 мың тонна картопқа келісім-шарт жасалған.
Нәтижесінде, Шымкент қаласында картоп тапшылығы байқалмайды және тұрғындар өнімді қолжетімді бағамен ала алады.
Шымкентте жылқы етін қолжетімді ету бойынша тиісті шаралар көрілуде
Шымкент қаласына жылқы етінің негізгі бөлігі көршілес Түркістан облысынан жеткізіледі. Қарабұлақ елді мекеніндегі мал сою алаңдарында жылқы етінің көтерме бағасы 3 100–3 200 теңге (туша) көлемінде қалыптасса, қаладағы базарлар мен ет павильондарында бөлшек саудада 3 400–3 500 теңгеге дейін сатылуда.
Баға өсіміне бірнеше фактор әсер етіп отыр:
— көршілес мемлекеттерден сұраныстың артуына байланысты сойыс салмағындағы ет өнімдерінің экспортқа шығарылуы;
— жем-шөп құнының айтарлықтай қымбаттауы, нәтижесінде жылқы етінің өзіндік құнының өсуі.
Тұрғындарды қолжетімді бағамен қамту мақсатында әкімдік қала аумағындағы 6 орында апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін тұрақты ұйымдастыруда. Жәрмеңкелерде ет өндіруші шаруа қожалықтары өнімдерін тікелей ұсыну мүмкіндігіне ие болып, жылқы еті орта есеппен 3 400 теңгеден сатылуда.
Айта кетейік, мемлекеттік бақылауға жататын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізіміне тек сиыр етінің сүйекті жауырын-төс бөлігі енгізілген. Осыған сәйкес, бағаны тұрақтандыру үшін Шымкент қаласындағы ірі сауда желілерімен және ет өндіруші шаруашылықтармен келісімшарттар жасалған. Нәтижесінде қала тұрғындары әлеуметтік сауда нүктелерінен сиыр етін нарықтан төмен бекітілген бағада сатып алу мүмкіндігіне ие.
АӘК тағайындау тетігі жөніндегі мониторинг нәтижелері жарияланды
Атаулы әлеуметтік көмек бойынша жүргізілген жұмыстар аясында Мансап орталығы мен жергілікті органдардың міндеттері нақты бекітілген. Қолданыстағы қағидаға сәйкес, орталық өтініш білдірушімен жеке жоспар әзірлеп, әлеуметтік келісімшарт жасайды. Бұл келісімшарт бойынша мамандар азаматтарға кеңес беру, қажетті құжаттарын рәсімдеуге жәрдемдесу, жұмыс іздеу процесіне бағыттау, әлеуметтік бейімдеу шараларын ұсыну және барлық кезеңде бірге алып жүру міндеттерін атқарады. Сондай-ақ, жеке жоспарды орындау барысына ай сайын мониторинг жүргізіледі.
Еңбек мобильдігі орталығының ассистенттері учаскелік комиссиялармен бірге атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген азаматтардың тұрмыстық ахуалын зерделеуге қатысады. Сонымен қатар, Еңбек ресурстарын мониторингілеу бөлімінің мамандары да мұқтаж отбасыларды тексеру жұмыстарын жүзеге асырады.
Зерделеу нәтижесінде 546 жеке кәсіпкерден 1208 азаматтың 85 000 теңге жалақымен жұмыс істейтіні туралы бұйрық көшірмелерін тапсырғаны анықталды. Алайда Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес, олардың ішінде 314 жеке кәсіпкерде тіркелген 545 азаматтың шын мәнінде жұмыс істемейтіні белгілі болды.
Мониторинг тобының тексерісі кезінде 13 жұмыс берушіде 34 азаматтың жұмыс орнынан табылмауы да расталды. Қалыптасқан жағдайға байланысты бұл отбасыларға жалған мәлімет бергені үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тарту туралы шешімдер дайындалып жатыр.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/IFG7_kEq8io?si=Cf2P7LizfkcP36ze
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары