Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады.
Шымкент қаласында жер телімдерін зерделеу барысында құжатсыз салынған және мемлекет жерін заңсыз иелену фактілері анықталуда. Қазіргі таңда қала аумағында осындай 2 314 құрылыс нысаны тіркелген.
Анықталған нысандардың басым бөлігі Абай ауданында – 1 493, Тұран ауданында – 283, Еңбекші ауданында – 251, Қаратау ауданында – 234 және Әл-Фараби ауданында – 53 нысан. Оның ішінде 1 831-і жарамды, 483-і жарамсыз деп танылды.
Бүгінде жарамсыз 187 құрылыс және үй салу үшін құйылған 63 іргетас бұзылды. Ал адам тұруға жарамды нысандардың құжаттарын рәсімдеу мәселесі ҚР Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес сот тәртібімен қаралады.
Қала әкімдігі мен Жер ресурстарын басқару департаменті жерді нысаналы мақсатына сай пайдалану және заңсыз иеленудің алдын алу бойынша тұрақты жұмыстар жүргізуде.
Шымкентте әлеуметтік нысандарда жылу толық қосылуда
Ауа температурасының төмендеуіне және қала әкімінің өкіміне сәйкес, Шымкент қаласында 2025 жылғы 1 қарашадан бастап жылыту маусымы ресми түрде басталды. Алдымен әлеуметтік нысандар – мектептер, балабақшалар, ауруханалар және басқа да мекемелер жылумен қамтамасыз етілді.
Қазіргі таңда қаладағы 476 әлеуметтік нысанның 475-і жылуға қосылды. «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы жаңа ғимаратқа көшуіне байланысты тіркеу рәсімдерінен өтуде, жылу қосу жұмыстары аяқталу үстінде. Бұл орталық Аймауытов көшесінен Астана шағынауданына көшіп, жаңа ғимаратқа орнасты.
Білім басқармасына қарасты 269 мекеменің 249-ына сапалы жылу берілді. Оның ішінде 160 мектептің 91-і орталықтандырылған, 69-ы жеке қазандықтармен жылытылады. Сондай-ақ 71 балабақшаның 51-і орталықтандырылған жүйеге қосылған, ал 20-сы жеке қазандықтармен жылу алады. Қалған 20 мекемеде техникалық ақауларды жою және құбырларды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Денсаулық сақтау саласы нысандары бойынша жылыту маусымы толық басталды. Қаладағы 100 медициналық ұйымның 69-ы автономды, ал 31-і орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы қамтамасыз етілген. 2025 жылғы 4 қарашадағы жағдай бойынша барлық медициналық мекемелер жылуға қосылған. Үй-жайлардың температурасы санитарлық талаптарға сай +22°С пен +26°С аралығында сақталуда.
Жылыту маусымының басталуы қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылды. Яғни, бес тәулік қатарынан сыртқы ауаның орташа температурасы +8°С және одан төмен деңгейде болған жағдайда немесе ауа райының күрт салқындауына байланысты қала әкімінің өкімімен жылу беріледі. Қаладағы 2 154 көпқабатты тұрғын үйдің 2 093-і жылу жүйесіне қосылған, қалған үйлер мен мекемелерді қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Қуатжылуорталық-3 МКК тарапынан тәулік бойы диспетчерлік қызмет жұмыс істейді. Байланыс телефондары: 8 (7252) 44-81-89 және 8 (7252) 44-82-37.
Шымкент қаласы әкімдігі жылыту маусымының өту барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Қала тұрғындарынан үйішілік жүйелерді уақтылы дайындауға және ақау туындаған жағдайда ОСИ немесе КСК қызметіне хабарласуға кеңес беріледі.
Қараша айында бірқатар мәдени шаралар өтеді
Қараша айында Шымкент қаласында және өңірлерде бірқатар айтулы мәдени іс-шаралар өтеді. 21-22 қараша күндері мегаполисте «Miras» халықаралық түркі сәндік этнодизайнерлері форумы ұйымдастырылады. Форум аясында түркі халықтарының киім мәдениеті мен ұлттық өрнектер семиотикасына арналған ғылыми конференция, қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаттары мен жәрмеңкелері өтеді. Сондай-ақ, отандық және шетелдік этнодизайнерлердің сән дефилесі мен «TURAN» ансамблінің концерттік бағдарламасы көрерменге ұсынылады. Іс-шаралар «Қызғалдақ» сарайы мен Көрме орталығында өтеді.
27-30 қараша күндері Абай облысында Шымкент қаласының мәдениет күндері өткізіледі. Шымкенттен барған шығармашылық делегация құрамында зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері мен өнерпаздар бар. Бағдарлама аясында жазушы Құлбек Ергөбек пен абайтанушы Ақжол Қалшабекпен кездесулер, «Шымкент сазы» концерттік бағдарламасы, «Көне қала – Шымкент» көрмесінің ашылуы және әзіл-сықақ театрының «Не істеу керек?» қойылымы көрермен назарына ұсынылады.
Бұл шаралар – Шымкент мәдениетінің бай мұрасын дәріптеп, өңірлер арасындағы рухани байланысты нығайтуды көздейді.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/mP9jccfb70g?si=stxI4OA3bx20rutd
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
