Өткен аптада Шымкент қаласында тергеу органдарының өндірісінде жалпы 169 қылмыстық іс тіркеліп, оның 2-сі сотқа жолданды. Ең көп тіркелген қылмыстар – алаяқтық (61 іс), ұрлық (41 іс), есірткі заттарын заңсыз айналымға байланысты (12 іс) және жол-көлік оқиғаларына қатысты істер (10). Алаяқтықтың басым көпшілігі интернет алаяқтыққа қатысты болып, оның негізгі тәсілдері тауарлық жарнамалар арқылы сатып алу, инвестиция жасау арқылы ақшаны көбейту туралы жалған жарнамалар, банк қызметкері, байланыс операторлары немесе мемлекеттік қызметкерлер ретінде жалған қоңыраулар, несие рәсімдеу және электросеть немесе газ қызметінің қызметкері ретінде жалған таныстырудан тұрады.
Мысалы, «К» есімді азаматқа «Казтрансгаз» мекемесінің қызметкері ретінде хабарласқан белгісіз тұлға 200 000 теңге қаражатын аудартып алған, бұл факт бойынша қылмыстық іс тергелуде. Сонымен қатар интернет-дүкендер мен әлеуметтік желілер арқылы есірткі заттарын тарату фактілері де тіркеліп, жастардың заңсыз әрекеттерге тартылуына жол берілмеуі үшін ескерту жүргізілуде. Мысалы, «Ж» есімді азамат банк картасын танысына уақытша берген, алайда белгісіз адам оны есірткі саудасына пайдаланып, адамдардан ақша аударған. Тұрғындарға банк карталарын ешкімге бермеу, белгісіз адамдардан ақша алмау, қажет болған жағдайда 102 нөміріне хабарласу ұсынылады.
Қала аумағында жол-көлік оқиғалары күн сайын орын алып, жәбірленушілер саны артып отыр. Негізгі себептер – жүргізушілердің жылдамдықты арттыруы мен ұялы телефонға алаңдауы, жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі, кәмелетке толмағандардың скутер мен самокаттарды жол ережесін сақтамай басқаруы және алкогольді мас күйде көлік жүргізу. Сондықтан қала тұрғындарына жол қозғалысы ережесін қатаң сақтау, ата-аналарға өз балаларын қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйрету ұсынылады. Сонымен қатар, көп қабатты үйлерде велосипед, бала арбалары және ұялы телефондардың ұрлануы жиі тіркелуде. Мысалы, 20 қарашада «Шымкент Плаза» ойын-сауық орталығында 5-сынып оқитын баланың ұялы телефоны ойын алаңында жымқырылған. Ата-аналарға балаларға қымбат телефондары мен құнды заттарды бермеу ескертіледі.
Шымкент қаласында қылмыстық жағдай күнделікті бақылауда болып, тергеу органдары алаяқтық, ұрлық, есірткі саудасы және жол-көлік оқиғаларына қарсы алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізуде. Қала тұрғындары мен қонақтары өз қауіпсіздіктерін сақтап, құқық бұзушылыққа жол бермеуге шақырылады.
Заң талаптарын бұзған салтанат сарайының қызметіне тыйым салынды
Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мамандары Сайрам тұрғын алабындағы М.Жалил көшесінде орналасқан «Shinar» салтанат сарайына жүргізген тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Бастапқыда нысан 1 қабатты шайхана ретінде пайдалануға қабылданғанымен, меншік иесі оны рұқсатсыз қайта құрылыс жасап, 2 қабатты салтанат сарайына айналдырып келген.
Тексеру нәтижесі бойынша нысанның ҚР «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заң талаптарын сақтамай реконструкцияланғаны белгілі болды. Осыған байланысты «Shinar» тойханасының қызметі тоқтатылды.
Құрметті қала тұрғындары! Қала мәдениеті мен қауіпсіздігін сақтау – ортақ жауапкершілік. Кез келген құрылыс немесе қайта жаңғырту жұмыстары тек заң аясында жүзеге асырылуы тиіс. Рұқсатсыз салынған нысан қомақты айыппұл салуға ғана емес, тіпті мәжбүрлі түрде бұзуға да әкелуі мүмкін екенін ескертеміз.
Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/IFG7_kEq8io?si=Cf2P7LizfkcP36ze
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
