Шымкентте медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында жедел жәрдем мамандары бейнежетондармен жабдықтала бастады. Пилоттық жоба қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және медициналық қызмет сапасын бақылауға бағытталған.
Бейнежетон киімге бекітіліп, жұмыс барысында үздіксіз бейне және аудио жазба жасайды. Жазбалар қорғалған серверге жіберіліп, оларды медицина қызметкерлері өзгерте алмайды. Материалдар тек жауапты лауазымды тұлғалар тарапынан қызметтік мақсатта, соның ішінде қызмет сапасын бақылау және мамандардың біліктілігін арттыру үшін пайдаланылады.
Құрылғыда SOS батырмасы бар: төтенше жағдайда ол сигнал жіберіп, диспетчер бригаданы жедел қолдауға шақыра алады.
Қазіргі таңда Шымкентте 115 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді: 28 дәрігерлік және 87 фельдшерлік. Пилоттық жобаны алдымен осы бригадаларда сынақтан өткізіп, тиімділігі дәлелденсе, бейнежетондар барлық бригадаларға кезең-кезеңімен енгізіледі.
Бұл бастама дәрігерлердің қауіпсіздігін арттырып, медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Шымкентте УДЗ диагностикасы бойынша халықаралық деңгейдегі мастер-класс өтеді
Шымкенттегі №7 қалалық емханада 2025 жылдың 29–30 қараша күндері балалардағы УДЗ-диагностикаға арналған халықаралық деңгейдегі оқыту-тәжірибелік мастер-класс өтеді. Іс-шара Қазақстандағы ультрадыбыстық диагностика мамандары қауымдастығының басшысы, м.ғ.к., доцент К.Т. Кулаевтың бастамасымен ұйымдастырылуда.
Семинардың басты мақсаты – тәжірибе алмасу және дәрігерлердің кәсіби әлеуетін арттыру. Екі күндік мастер-класс барысында дәрігерлер науқастарды қабылдап, тексеруден өткізіп, өз тәжірибесін халықаралық деңгейдегі мамандармен салыстырып жетілдіреді.
Оқу бағдарламасы «Балалардағы бауыр, асқазан және ұйқы безі патологияларын УДЗ арқылы анықтау» тақырыбына негізделген. Семинарды Ресейдегі балалар сәулелік диагностикасы саласының жетекші мамандарының бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, РМАНПО балалар жасындағы сәулелік диагностика кафедрасының меңгерушісі Михаил Пыков жүргізеді.
Қатысушылар балалар ағзасындағы асқазан-ішек жүйесі ауруларын ультрадыбыстық зерттеу арқылы анықтау мен бағалаудың заманауи тәсілдерін меңгеріп, практикалық дағдыларын тереңдетеді. Бұл мастер-класс өңір медицина мамандарының біліктілігін арттырып, балалар денсаулығына көрсетілетін көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.
Өкпе обырының алдын алуға арналған ашық есік күні өтеді
Шымкент қаласында өкпе обырын ерте анықтау және алдын алу мақсатында тұрғындарға арналған ашық есік күні өтеді. Іс-шара 2025 жылдың 22 қарашасында, сағат 09:00–13:00 аралығында Денсаулық сақтау басқармасына қарасты Онкологиялық орталықтың базасындағы қалалық көпбейінді ауруханада ұйымдастырылады.
Келушілер үшін онкохирург дәрігерлерінің тегін кеңесі, сондай-ақ көрсеткіштерге сәйкес рентген және УДЗ зерттеулері ақысыз жасалады. Бұл күн – өз денсаулығын тексеріп, дерттің алдын алуға мүмкіндік беретін маңызды шара.
Денсаулық – ең құнды байлық. Уақытылы тексеріліп, қауіптің алдын алыңыз!
Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/mH3f2bGAUgw?si=By5r96058hYheqBK
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
