Шымкенттік балуан Марат Байқамұров- «Қазақстан барысы – 2025» турнирінде жеңімпаз атанды

Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен өткен дәстүрлі XV республикалық «Қазақстан барысы – 2025» турнирінде Шымкент қаласының намысын қорғаған балуан Марат Байқамұров жеңімпаз атанды.

Финалдық белдесуде ол Абай облысының балуаны Ерасыл Қажыбаевпен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұған дейін Марат бес қарсыласын тізе бүктіріп, финалға жол ашқан болатын. «Найман» лақап атымен танылған спортшы шешуші сында да қарсыласына мүмкіндік бермей, алтын белбеу мен «Қазақстан барысы» атағын иеленді.

Бұл жеңіс – Шымкент спорты үшін тарихи жетістік. Себебі «Қазақстан барысы» турнирінің тарихында алғаш рет Шымкент қаласынан шыққан балуан чемпион атанып отыр. Айта кетейік, 2024 жылы дәл осы жарыстың финалында Абай облысының балуаны Ерасыл Қажыбаев шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровты жеңген болатын. Биыл Марат Байқамұров сол кеткен есені қайтарып, қала спортсүйер қауымына зор қуаныш сыйлады.

Марат Байқамұровтың бұл жеңісі – тек жеке жетістік емес, Шымкенттегі спорт мектебінің әлеуетін дәлелдеген маңызды оқиға. Айта кетерлігі, бұл оның «Қазақстан барысы» турниріне үшінші рет қатысуы және ең сәтті көрсеткіші болып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Қазақстан барысы – 2025» республикалық турнирінің жеңімпазы Марат Байқамұровты жеңісімен құттықтады.

Президент өз құттықтауында спортшының ерекше дайындық пен табандылық танытып, көрермендердің зор құрметіне ие болғанын атап өтті.

«Марат Байқамұровты қазақ күресінен өткен “Қазақстан барысы – 2025” турниріндегі жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Ол жоғары шеберлік көрсетіп, жанкүйерлердің ықыласына бөленді. Мемлекет алдағы уақытта да қазақ күресінің дамуына жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады», – делінген Президенттің құттықтауында.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/gSXgfOMsv2U?si=QnX04tpIXegMe40Z

x

Check Also

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...

Шымкентте мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын меңгерді

AMANAT партиясының бастамасымен елімізде білім беру саласын цифрландыру және педагогтердің жасанды интеллект құралдарын меңгеруін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. ...