Шымкентте жүрегі тоқтап қалған науқасты дәрігерлер аман алып қалды — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкентте жүрегі тоқтап қалған науқасты дәрігерлер аман алып қалды

Шымкент қаласында дәрігерлер біліктілігі мен шұғыл әрекетінің арқасында 60 жастағы науқастың өмірін сақтап қалды.

15 қазан күні №2 қалалық ауруханаға жедел жәрдем қызметі арқылы аса ауыр жағдайда ер адам жеткізілген. Дәрігерлер оған ауыр панкреатит, пневмония, қант диабеті және тыныс жетіспеушілігі диагноздарын қойып, кома жағдайында жансақтау бөліміне жатқызды.

Науқастың өмірін сақтап қалу мақсатында бейінді мамандардың мультидисциплинарлық консилиумы құрылып, кешенді ем-шаралар басталды. Алайда 16 қазан күні түнгі сағат 23:30 шамасында науқаста клиникалық өлім тіркелген.

Дегенмен, дәрігерлердің жедел әрі үйлесімді реанимациялық іс-әрекеттерінің арқасында жүрек соғысы небәрі төрт минут ішінде қалпына келтірілді. Науқастың жағдайын тұрақтандыру үшін «Призмафлекс» аппараты арқылы гемодиафильтрация жүргізілді.

Қазіргі таңда науқас толық есін жиып, жағдайы тұрақталған. Ол палатаға ауыстырылып, жақын күндері үйіне шығарылуға дайын.

Бұл оқиға – қалалық медицина саласындағы кәсібилік пен заманауи технологиялардың нақты нәтижесі. Дәрігерлердің жоғары жауапкершілігі мен уақтылы көрсетілген көмегі тағы бір адам өмірін аман алып қалды.

Шымкент қаласында эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда

Қазіргі уақытта Шымкент қаласында жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың көбеюіне байланысты медициналық мекемелердің жұмысы күшейтілген режимде жүргізілуде. Қала тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті 60 емхана көрсетеді, оның ішінде 14-і мемлекеттік, 46-сы жекеменшік ұйымдар.

Эпидемиологиялық ахуалдың күрт өзгеруіне орай науқастардың ауруханаларға түсу көрсеткіші артқан. Тәулік бойы инфекциялық көмек көрсететін «Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында» қазіргі таңда 411 науқас ем қабылдап жатыр, оның 307-сі – балалар (оның ішінде 1 жасқа дейінгі 111 бала). Эпиджағдайдың ушығуына байланысты ауруханада балаларға арналған төсек-орын саны 300-ге дейін көбейтіліп, жалпы төсек қоры 380-ге жеткізілді.

Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, ол 2025 жылғы 28 қарашада аяқталмақ. Осыған байланысты қосымша шаралар қабылданды: дәрігерлер мен орта буын қызметкерлерге арналған бөлмелер палаталарға айналдырылып, қосымша төсек-орын ашылды; емханаларда «үй жағдайындағы стационар» ұйымдастырылды; жедел жәрдем қызметі бойынша сұрыптау жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, аурухана басшылығының бақылауымен түнгі кезекшілік ұйымдастырылып, тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді.

ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу мақсатында барлық медициналық ұйымдарға арнайы жадынама таратылды. Сондай-ақ, қосымша стационарлық орындар ашылды: Қалалық балалар ауруханасында – 20, «№14 емдеу орталығында» – 40 төсек. Дәрігерлер мен мейірбикелердің қосымша кезекшілігі ұйымдастырылып, дәрі-дәрмек қоры толық қамтамасыз етілді.

Қазіргі таңда «Гриппол» вакцинасымен иммундау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жергілікті бюджет есебінен 150 мың вакцина сатып алынған. 22 қазанға дейін 95 578 адам егілді, олардың ішінде 14 жасқа дейінгі 21 970 бала, 5 323 жүкті әйел және 10 302 медицина қызметкері бар.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/gSXgfOMsv2U?si=QnX04tpIXegMe40Z

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...